Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Түркістандағы СЭС дауы: ресми ақпаратты бөліскендер неге қамалды?

Түркістандағы СЭС дауы: ресми ақпаратты бөліскендер неге қамалды?
https://www.facebook.com/abzalkuspan

Жақында Түркістанда теларанада жарияланған хабарды бөліскен азаматтар жауапқа тартылғаны туралы ақпарат тараған еді. Әлеуметтік желідегі пікірлерден кейін бұл мәселеге депутат Абзал Құспан да өз ұстанымын білдіріп, ресми сауал жолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

– Соңғы күндері Түркістандағы жағдай қоғамда үлкен сұрақ туғызды. Қысқаша айтқанда, нақты қай кез екені белгісіз, Түркістан облыстық СЭС басшысы қызметіне тағайындалған азамат “Н” өзіне қарасты аудандық СЭС басшыларынан бірнеше рет ақша алғаны айтылады. Бұл ақпарат қоғамда түрлі пікір туғызды, – деді Абзал Құспан.

Оның сөзінше, бұл жайт бұған дейін жергілікті телеарна эфирінде де жарияланған.

– Оны Turkistan TV телеарнасы “Конвертпен ақша алған” деген атаумен ресми түрде көрсеткен. Материалда тәртіптік кеңес отырысы, әлгі азаматтың өзі, антикор қызметкерінің баяндамасы берілген. Сондай-ақ кімнен, қашан, қандай сомада ақша алғаны ашық айтылған, – деді депутат.

Абзал Құспан кейін осы ақпаратқа сүйеніп жазба жариялаған азаматтарға қатысты әкімшілік іс қозғалғанын айтты.

– Алайда дәл осы ақпаратқа сілтеме жасап, қоғаммен бөліскен Бекболат Қаржан, Тоқтар Жақаш, Сабит Рысбаев сияқты азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-3 бабы 2-бөлігімен іс қозғалған. Олардың бірі бүгінгі күні 20 тәулікке қамалып та кетті, – деді ол.

Депутат барлық материалмен толық танысып үлгермегенін, дегенмен құқықтық тұрғыдан бір қағидат бар екенін атап өтті.

– Мен барлық материалмен толық таныстым деп айта алмаймын. Бірақ бір құқықтық қағидатты нақты айтуға болады: егер азамат, мейлі блогер не журналист болсын, алғашқы дереккөзге сілтеме жасап, өз тарапынан ештеңе қоспай ақпарат таратса, онда оның әрекетін жала жабу деп бағалау өте күмәнді. Бұл жерде дереккөз ретінде телеарнаның ресми материалы, тәртіптік кеңес отырысы және антикор жүргізген іс-шаралар айтылып отыр, – деді Абзал Құспан.

Ол фактілер расталса, құқық қолдану тәжірибесіне қатысты сұрақтар туындайтынын жеткізді.

– Егер мұның бәрі шындыққа сәйкес келмейтін, ойдан шығарылған дүние болса, жігіттердің өз обалы өзіне. Ал егер бұл деректер рас болса, онда құқық қолдану тәжірибесіне және антикордың процестік шешімдеріне қатысты менде сұрақтар туындайды. Қысқасы, осы мәселеге байланысты алдағы апта тиісті мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдайтын боламын, – деді депутат.