Атырау облысы, Жангелдин ауданында болған отбасы трагедиясына қатысты марқұмдардың жақындары алғаш рет мәлімдеме жасап, қайғыдан қан жұтқан көңіл-күйін жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға орнына арнайы барған КТК телеарнасының тілшісі Жанат Молдашева марқұмдардың рухына құран бағыштап, қаралы отбасының жағдайымен танысқан. Оның айтуынша, бұл – тек кәсіби міндет қана емес, адамгершілік әрі мұсылмандық парыз.
"Жангелдин ауылындағы марқұмдарға құран бағыштап қайттым. Қайғыдан қабырғасы қайысқан ағайын-туыстың жанайқайын тыңдадым. Олар осы қиын сәтте қолдау көрсеткен барша елге, ауылдастар мен жанашыр жандарға алғыстарын білдіруде. Бірақ қара жамылған отбасының айтары, іште қалған өкініші өте көп", – деді тілші.
Марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы да ауыр жағдайды көз жасымен еске алды. Оның айтуынша, аға-жеңгесінің мәйіті өздері тұрғызған сарайдың ішінен табылған.
"Осы сарайдан тапты… Осында жерленген. Кім ойлаған мұндайды? Ең болмаса, басқа жерге апарып көмсе ғой… Өздері еңбектеніп салған сарайға көміп кеткені өте ауыр. Бұл жерде қаншама естелік бар еді. Осы сарайда туған күнін өткізіп, ағайынға дастархан жайған. Біз де сол кезде бірге жүрдік… Енді міне, сол жерден табылып отыр… Бұл – орны толмас қайғы", – деп бөлісті ол.
Жақындарының айтуынша, бұл жағдай бүкіл ауылды есеңгіретіп, ел арасында үлкен күйзеліс тудырған. Қазір оқиғаға қатысты тиісті органдар тексеру жүргізіп жатыр.