АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иран билігі арасында кезекті ақпараттық текетірес өрши түсті. Тараптар бір-біріне қатысты қатаң мәлімдемелер жасап, халықаралық ахуалды қайта шиеленістірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Трамп өз сөзінде Ирандағы ішкі саяси жағдайға күмән келтіріп, ел ішінде алауыздық бар екенін айтты. Сондай-ақ ол АҚШ-тың Ормуз бұғазындағы бақылауын атап өтіп, стратегиялық аймаққа қатысты қатаң ұстанымын білдірді.
"Иран өз көшбасшысын анық түсіне алмай отыр. Ел ішінде радикалдар мен басқа топтар арасында тартыс жүріп жатыр. Біз Ормуз бұғазын толық бақылауда ұстап отырмыз. АҚШ әскери-теңіз күштерінің рұқсатынсыз ешбір кеме бұл аймаққа кіре де, шыға да алмайды", – деді ол.
Бұл мәлімдемеге Иран тарапы жедел жауап қайтарды. Елдің жоғары билік тармақтарының басшылары бірлескен үндеу жасап, мемлекет ішінде ешқандай алауыздық жоқ екенін мәлімдеді.
"Иран халқы мен билігі бір мақсат жолында бірігіп отыр. Бізде бөліну де, келіспеушілік те жоқ. Халқымыз бір, көсеміміз бір, бағытымыз айқын – ол Иранның жеңісі", – делінген ресми жауапта.
Осылайша, екі ел арасындағы ақпараттық және саяси текетірес жаңа деңгейге көтеріліп, халықаралық қауымдастық назарын қайта аударып отыр.