Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қазақстанға Ресейден залалды арпалар жеткізілген

Қазақстанға Ресейден залалды арпалар жеткізілген
Сурет: gov.kz

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің қызметкерлері импорттық өнімге фитосанитариялық мониторинг жүргізу барысында карантиндік жүктерден қауіпті арамшөптермен залалдану фактілерін анықтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға Қостанай және Ақтөбе облыстарында тіркеліп, нәтижесінде азықтық арпа мен гуар тұқымдарының залалданған партияларының ел аумағына әкелінуіне дер кезінде тосқауыл қойылды.

"Атап айтқанда, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында Ресей Федерациясынан жеткізілген көлемі 3 тонна гуар тұқымдарына қайталама фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында аумақтық инспекция инспекторлары карантиндік нысандардың залалдану белгілерін анықтады. Іріктелген үлгілер Қостанай облыстық карантиндік зертханасына жолданып, сараптама нәтижесінде жусан жапырақты ойраншөптің (Ambrosia artemisiifolia) бар екені расталды", - делінген хабарламада.

Осыған ұқсас бұзушылық Ақтөбе облысында да анықталды. Башқұртстан Республикасынан (РФ) автокөлікпен әкелінген көлемі 50 тонна азықтық арпа партиясын тексеру барысында аумақтық инспекция мамандары карантиндік объектілермен залалдану белгілерін байқады. Фитосанитариялық сараптама нәтижелері жусан жапырақты ойраншөп пен үштармақты ойраншөптің (Ambrosia trifida L.) бар екенін растады.

Аталған деректер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды.

Ойраншөп (амброзия) – аса қауіпті карантиндік арамшөптердің бірі. Оның таралуы топырақ құнарлылығын төмендетіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін азайту арқылы айтарлықтай зиян келтіреді. Сонымен қатар, амброзия тозаңы күшті аллерген саналады және халық денсаулығына елеулі қауіп төндіреді.