Бүгін, 7 мамырда Астана қаласында «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өз жұмысын бастады. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген шамамен 1000 делегат қатысуда, деп хабарлайды Arasha.kz.
Съезд аясында партияның ресми қызметін бастау үшін заңнама талаптарына сәйкес қажетті құжаттарды бекіту жоспарланған. Атап айтқанда, партияның Жарғысы мен Бағдарламасы қабылданып, жетекші органдары айқындалады.
«Әділет» партиясы өз құндылықтары ретінде әділеттілік, патриотизм, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму ұстанымдарын жариялап отыр. Бағдарламада әділеттіліктің негізгі қағидасы ретінде «Заң мен тәртіп» принципі алға шығады.
Партияның басты мақсаты – Қазақстанда кез келген адал еңбектің, мамандық түріне және жұмыс формасына қарамастан, әділ әрі лайықты бағаланатын жағдай қалыптастыру. Сондай-ақ ұйым елдің технологиялық, интеллектуалдық және институционалдық дербестігін нығайтуға бағытталған кешенді жаңғырту саясатын қолдайды.
Бағдарламалық құжаттарда адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылған. Денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет және креативті индустрияларды дамыту – негізгі басымдықтардың бірі. Партия медицина жүйесін есеп-қисаптан гөрі адам денсаулығына бағытталған модельге көшіруді, алғашқы медициналық көмекті күшейтуді және медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуды ұсынады.
Мемлекеттік басқару мәселесінде «Әділет» партиясы өңірлердің теңгерімді дамуын маңызды фактор ретінде қарастырады. Әр аймақ орталықтан әділ қолдау алып, елдің тұтас дамуына үлес қосуы тиіс деген ұстанымды ұсынады.
Халықаралық аренада партия Қазақстанды жауапты орта держава және жаһандық тұрақтылықты қолдайтын мемлекет ретінде танытуға ниетті.
Сонымен қатар партия саяси жауапкершіліктің жаңа стандартын енгізуді көздейді. Яғни, сайлаушылар алдында бағдарламаның әр тармағы бойынша тұрақты жария есеп беру тәжірибесін қалыптастыру ұсынылады.
«Әділет» партиясы азаматтарға арналған цифрлық платформаны да іске қосты: http://www.adilet-partiyasy.kz/ru. Бұл платформа арқылы мүшелікке өтініш беру, бастамалар ұсыну және қоғамдық мәселелерді талқылауға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Партия мүшесі болу үшін Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматы болуы, партияның Жарғысы мен Бағдарламасын мойындауы және заңмен шектелмеген тұлға болуы қажет.
Айта кетейік, 15 сәуірде бастамашыл топ жаңа партия құру жөнінде ресми мәлімдеме жасаған болатын. Ал 16 сәуірде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі тиісті хабарламаның қабылданғанын растады. Осылайша, 7 мамырдағы құрылтай съезі партияны ресми қалыптастырудағы маңызды кезең болып отыр.
Партия заң талаптарына сай қажетті мүшелер санын еңсеріп, 9812 мүшеге жеткен. Әр облыстан және республикалық маңызы бар қалалардан кемінде 200 мүшеден болу талабы да орындалған.
Құрылтай съезі тек ұйымдастырушылық рәсім ғана емес, сонымен бірге Қазақстандағы саяси мәдениетті дамыту және өкілдік демократия институттарын нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалануда.