Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Тарих

Ғалымдар осыдан 3500 жыл бұрын Павлодар облысында өмір сүрген әйелдің бейнесін қалпына келтірді

Ғалымдар осыдан 3500 жыл бұрын Павлодар облысында өмір сүрген әйелдің бейнесін қалпына келтірді
Сурет: irbistv.kz

Павлодар облысында ғалымдар Екібастұз ауданындағы Шідерті кентіне жақын маңда орналасқан Жартас қорымын зерттеді. Ресейлік антропологтармен бірлесіп атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесі туралы irbistv.kz сайты жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Радиокөміртекті және изотоптық талдаулар табылған жәдігердің нақты жасын анықтауға көмектесті. Ал антропологиялық зерттеу бұл әйелдің Еуразия даласындағы кейінгі қола дәуірінің негізгі мәдениеттерінің бірі  сарғары-алексеев мәдениетінің өкілі болғанын көрсетті.

«Сүйектің  жақсы сақталуының арқасында осы әйелдің сырт келбетіне ғылыми реконструкция жасау туралы шешім қабылданды. Зерттеу барысында бұл адамның жасы 45-55-тер шамасындағы, еуропеоидтық антропологиялық типтегі әйел екені анықталды», - деді археолог Илья Мерц.

Ғалымдардың айтуынша, антропологиялық белгілері бойынша Жартастан табылған әйел бейнесі Еуразия даласының батыс бөлігіндегі тұрғындарға және Қазақстандағы қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын басқа да ескерткіштерге ұқсас.

«Әйелдің қасынан қыш ыдыс табылды, соның арқасында оның қай мәдениетке және қай дәуірге жататынын қиындықсыз анықтауға мүмкіндік туды. Өкінішке қарай, бұл ыдыс сақталған жалғыз жәдігер болып шықты», - деп атап өтті Илья Мерц.

Бұл зерттеу халықаралық ғылыми журналда жарияланды. Археологтар үшін бұл алыс өткенге көз жүгіртудің нақты мүмкіндігі болып табылады.