Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Мемлекет мүддесі – басты тәртіп

Мемлекет мүддесі – басты тәртіп
Ақорда

Мемлекет басқару сырт көзге көрінгендей тек ресми кездесулер мен халықаралық сапарлардан тұрмайды. Оның ар жағында үздіксіз жұмыс, уақытпен санасу, жоғары жауапкершілік пен темірдей тәртіп жатыр. Әсіресе қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ел басқару бұрынғыдан әлдеқайда ауыр міндетке айналды. Осындай кезеңде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стилі мен еңбек тәртібі қоғам назарын аудартпай қоймайды.

Ақорданың ресми хроникаларынан байқасаңыз Мемлекет басшысының жұмыс кестесі өте тығыз. Таңертең басталған кездесулер кешкі уақытқа дейін жалғасады. Бір күннің ішінде халықаралық телефон әңгімелері, үкімет мүшелерімен кеңестер, өңір әкімдерінің есептері, қауіпсіздік мәселелері, экономика мен әлеуметтік саясатқа қатысты жиындар қатар өтіп жатады.

Мұндай жұмыс ырғағы қазіргі әлемдегі тұрақсыз ахуалмен де байланысты. Соңғы бірнеше жылда жаһандық экономика күрделі кезеңді бастан өткерді. Геосаяси текетірестер, санкциялық қысым, логистикалық дағдарыстар, азық-түлік пен энергетика нарығындағы өзгерістер көптеген мемлекеттерді жаңа жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр етті. Қазақстан да бұл үдерістерден тыс қалған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби жолына қарасақ, оның бүгінгі жұмыс стилі кездейсоқ қалыптаспағанын аңғаруға болады. Ол ұзақ жыл дипломатия саласында қызмет етті. Кеңестік дипломатиялық мектептен өтіп, халықаралық қатынастар жүйесінде жұмыс істеді. Қытай бағытында еңбек етті, кейін Қазақстанның сыртқы істер министрі болды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды. Мұндай тәжірибе адамды тәртіпке, уақытты дәл пайдалануға және әр мәселені жан-жақты саралауға үйретеді.

Дипломатия – ең алдымен сабыр мен дайындық мектебі. Мұнда артық эмоцияға орын жоқ. Әр сөз, әр кездесу, әр келіссөз үлкен жауапкершілікпен өтеді. Сондықтан Мемлекет басшысының көпшілік алдындағы ұстамдылығы мен салмақты стилі оның кәсіби қалыптасу жолымен тікелей байланысты деуге негіз бар.

Саясаттанушы Айдос Сарым Тоқаевтың жұмыс стиліне қатысты пікірлерінің бірінде қазіргі президенттің басты ерекшелігі – жүйелілік екенін айтқан болатын. «Біздің президентіміз кейбір адамдар ойлағандай билікқұмар адам емес. Ол өз ұстанымы бар, философиясы бар адам», – деді Айдос Сарым.

Бұл сөздердің астарында қазіргі заманның шындығы жатыр. Ақпараттық қысым күшейген, әлемдік жағдай құбылып тұрған кезеңде мемлекет аппаратынан үздіксіз бірақ жүйелі жұмыс талап етіледі.

Ақорданың ресми ақпараттарына қарағанда, президенттің жұмыс күнінде аймақ әкімдерімен байланысқа да ерекше көңіл бөлінеді. Өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, инвестициялық жобалар, инфрақұрылым мәселелері тұрақты бақылауда ұсталады. Сонымен қатар халықаралық саясат та күн тәртібінен түскен емес. Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастырып келеді және бұл бағытта тұрақты дипломатиялық жұмыс қажет.

Соңғы жылдары президенттің интеллектуалдық риторикасына да қоғам назар аудара бастады. Мемлекет басшысы сөздерінде «зерделі ұлт», «оқу мәдениеті», «адами капитал» ұғымдарын жиі қолданады. Биыл кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі арнайы жарлыққа қол қойылуы да осы бағыттағы жұмыстың жалғасы болды.

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент жастарды кітап оқуға баулу мәселесіне арнайы тоқталды.

«Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл бастама жай мәдени шара ретінде ғана қабылданбауы керек. Қазіргі технологиялық дәуірде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен адами капиталға байланысты. Білім, критикалық ойлау, кәсіби кадрлар – елдің болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі.

Қ. Тоқаевтың бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі оның өмірлік тәжірибесімен де байланысты сияқты. Ол әдеби ортада тәрбиеленді. Әкесі – белгілі жазушы Кемел Тоқаев. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі болған қаламгер тәртіпке, жауапкершілікке және еңбекқорлыққа ерекше мән бергені туралы естеліктер көп айтылады. Мұндай ортада өскен адамның тәртіп пен білімге ерекше мән беруі табиғи нәрсе.

Қазіргі әлемде мемлекет басқару бұрынғыдан әлдеқайда күрделі міндетке айналды. Геосаяси тұрақсыздық, технологиялық өзгерістер, ақпараттық қысым – мұның бәрі ел басқаратын тұлғадан жоғары дайындық пен үздіксіз жұмысты талап етеді.

Осындай кезеңде тәртіп пен жауапкершілік мемлекет басқарудағы басты құндылықтардың біріне айналып отыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс режимі осы ұстанымның нақты көрінісі сияқты.