Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Ақтөбе облысы

Ақтөбеде полиция мен нотариус 705 миллион теңгеге алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Ақтөбеде полиция мен нотариус 705 миллион теңгеге алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Сурет: ЖИ

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті автокөлік алаяқтығымен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеуді аяқтағандарын мәлімдеді. Іс бойынша тоғыз адам күдікті деп танылса, олардың арасында полиция қызметкері мен нотариус бар, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдіктілер өз клиенттерін мессенджерлер мен интернет-ресурстар арқылы тапқан. Оларға жүк көліктерін міндетті төлемдерсіз есепке қою (тіркеу) қызметін ұсынған.

Өзара келісімге келгеннен кейін, қылмыстық топтың ұйымдастырушысы көліктер туралы мәліметті полиция қызметкеріне беріп отырған. Ал заң қорғаушысы базадан бұрын есептен шығарылған, техникалық сипаттамалары ұқсас автокөліктерді іріктеп берген.

Әрі қарай топ мүшелері жалған сатып алу-сату шарттары мен сенімхаттар рәсімдеп, бұл іске жалған тұлғаларды тартқан. Құжаттарды Мамандандырылған ХҚКО (СпецЦОН) арқылы өткізіп, заңсыз тіркеуді қамтамасыз етіп отырған. Бұл ретте нотариальды әрекеттер көліктің нақты заңды иелерінің қатысуынсыз, сырттай жасалған.

Осылайша, тергеу мәліметтеріне сәйкес, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында N3 санатындағы (ершікті тартқыштар) және M1 санатындағы (жеңіл автокөліктер) 82 көлік құралы заңсыз тіркелген.

Мемлекетке келген жалпы шығын көлемі 705 миллион теңгені құрады. Соттың санкциясымен күдіктілердің құны 2,4 миллиард теңге болатын мүлкіне арест қойылды.

Қазіргі уақытта күдіктілердің бесеуі қамауға алынды, тағы үшеуі үй қамауында отыр.