АҚШ Сенаты қазақ қызы Әсел Робертсті, яғни Әсел Төленованы Құрама Штаттардың Словения Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне бекітті. Оның кандидатурасын бұл лауазымға АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сенат сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Вирджиния штатынан шыққан Әсел Робертс Америка Құрама Штаттарының Словениядағы елшісі қызметіне тағайындалған. Дауыс беру 18 мамырда өткен.
Әсел Робертстің жаңа қызметке келуі Қазақстан тарапынан да жылы қабылданды. Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі оны жауапты лауазымға бекітілуімен құттықтап, бұл оқиғаның тарихи мәні бар екенін атап өтті.
"Әсел Робертс ханымды АҚШ-тың Словениядағы елшісі лауазымына бекітілуімен шын жүректен құттықтаймыз. Ол – АҚШ тарихында елші дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ қызы. Жаңа қызметіне табыс тілейміз", – делінген елшіліктің құттықтауында.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Әсел Төленова 1976 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Ол 1990-жылдардың басында АҚШ-қа қоныс аударып, сол елде мектеп бітірген. Кейін 1993-1998 жылдары Джорджтаун университетінде білім алған.
1999 жылдан бастап Әсел Робертс АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Ақ үйдің хаттама қызметінде еңбек еткен. Енді ол АҚШ-тың Словениядағы елшісі ретінде дипломатиялық қызметін жалғастырады.