Атырауда мұғалім болып жұмыс істеген 58 жастағы әйелдің қаза болуына қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Оқиғаға байланысты 63 жастағы зейнеткер қасақана адам өлтірді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
КТК арнасының мәләметінше, қайғылы жағдай биыл 16 наурызға қараған түні, шамамен сағат 03:30 кезінде болған. Тергеу мәліметінше, Сәрсен Өтеулиев масаң күйде жұбайы Әлия Елеусіноваға бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Жалпы денесіне 11 рет соққы жасалғаны айтылады.
Айыпталушы сотта өз кінәсін мойындап, оқиғадан кейін жедел жәрдем шақырғанын айтып, эмоцияға берілген.
Ерлі-зайыптылар 13 жыл бірге өмір сүрген. Осы уақыт ішінде олар алты бала тәрбиелеп өсірген: екеуі ортақ некеден, төртеуі ер адамның бұрынғы отбасынан. Туыстарының айтуынша, марқұм мен күйеуі арасында бұған дейін ешқандай жанжал немесе отбасылық кикілжің байқалмаған. Жәбірленуші тарап әділ жаза тағайындауды сұрап отыр.