Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қостанай облысы

Достарымен бәстескен: жартастан суға секірген жасөспірім батып кетті

Достарымен бәстескен: жартастан суға секірген жасөспірім батып кетті
Сурет: Рixabay

Қостанай облысындағы Лисаковск қаласының маңындағы танымал демалыс орны Тобыл өзенінің жағасындағы «Қара жартас» қайғылы оқиға орнына айналды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тұрғындар арасында «Скалка» деген атпен белгілі бұл табиғи орын – шомылуға және биік жардан суға секіруге құмар жастардың жиі келетін жері. Алайда, бұл орын өте қауіпті деп саналады. Төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті билік тұрғындарды мұндай тәуекелге бармауға үнемі ескертіп келеді, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

Өкінішке қарай, кезекті қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болмады. Алдын ала мәліметтер бойынша, жасөспірім достарымен бәстесіп, биік жардан секіруге бел буған. Алайда, бұл «ерлік» қайғымен аяқталды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде жасөспірімнің денесі ағыспен төмен қарай ағып кеткен арнадан табылды.

Айта кетейік, «Қара жартас» шомылуға арналмаған. Мұнда арнайы жабдықталған жағажай жоқ, сондай-ақ құтқарушылар да кезекшілік етпейді. Бұл – адамдар өз еркімен баратын «жабайы» демалыс аймағы.

Мамандар ата-аналарды балаларының қайда және қалай демалып жүргеніне баса назар аударуға, ал жастарды қауіпті әрекеттерден аулақ болуға шақырады.