Мемлекеттік күзет қызметі (МҚҚ) Путиннің сапарына байланысты Астанада көлік қозғалысына шектеу қойылатынын ескертті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапары және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтуіне байланысты 25-29 мамыр аралығында Астананың бірқатар көшелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды Мемлекеттік күзет қызметінің баспасөз қызметі.
«Ресей Федерациясы Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы және соған дайындық жұмыстары аясында 2026 жылғы 25-29 мамыр аралығында елорданың жекелеген көшелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі», — делінген хабарламада.
Сапарға дайындық және оны өткізу кезеңінде арнайы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының күштері, сондай-ақ авиация мен арнайы техниканы қолдана отырып, Қарулы Күштердің бөлімшелері жұмылдырылады. Оған қоса, Қорғаныс министрлігінің майдан авиациясының Астана аумағында ұшуы жоспарланған.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарын халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара кезінде жүргізіліп жатқан қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз», — деп түйіндеді МҚҚ.