Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«50 жыл бұрынғы уәде»: Түркістандық әжей 70 жасында ұзатылды

«50 жыл бұрынғы уәде»: Түркістандық әжей 70 жасында ұзатылды
Фото: Видеодан кадр

Түркістан облысының тұрғыны Борангүл Низзова 70 жасында ақ көйлек киіп, ұзатылды. Бұл — жұбайының жарты ғасыр бұрын берген уәдесінің орындалуы, деп хабарлайды Arasha.kz.

Борангүл әженің айтуынша, ол 19 жасында алып қашу салтымен келін атанған. Тіпті өзін алып кеткен үш жігіттің қайсысы болашақ жары екенін де білмеген.

«Келін болып түскенде той болды, ақ көйлек те кидім. Бірақ төркінімнен ұзатылып, лимузинмен кету арманым еді. Ол кезде ондай мүмкіндік болмады. Сонда жолдасым: “Егер елу жыл бірге өмір сүріп, алтын тойымызды тойласақ, сені ақ көйлек кигізіп, төркініңнен салтанатты түрде алып кетемін” деп уәде берген болатын», – дейді кейуана.

Жарты ғасыр бойы тату-тәтті ғұмыр кешкен Борангүл Низзова мен Ербосын Молдабеков бес бала тәрбиелеп өсірген. Қазір олар 27 немере мен екі шөберенің қызығын көріп отыр.

Алтын той қарсаңында Ербосын ақсақал осыдан 50 жыл бұрын берген сертін орындап, жарын ақ көйлек кигізіп, төркінінен салтанатты түрде ұзатып әкелді. Бұл әсерлі сәт көпшіліктің жүрегін елжірітті.

Бөлісу