Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта "Аманат" партиясының мүшесі емес. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Азаттыққа берген жауабында айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Үкібайдың сөзінше, Назарбаевтың қазір партия қызметіне де, ондағы ішкі өзгерістерге де ешқандай қатысы жоқ. Ол экс-президенттің 2019 жылы мемлекет басшысы ретіндегі өкілетін тоқтатқанын еске салды.
"Нұрсұлтан Әбішұлының партияға қандай қатысы болуы мүмкін? Ол президенттік өкілетін 2019 жылы тоқтатты", – деді Айдос Үкібай.
Баспасөз хатшысы Назарбаевтың бүгінде саясатқа араласпайтынын да атап өтті. Осылайша ол экс-президент өзі негізін қалаған партиядағы процестерге ықпал етуі мүмкін деген пікірлерге жауап берді.
Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында Қазақстан халқына үндеу жасап, президенттік қызметінен кететінін мәлімдеген еді. Биыл оның мемлекет басшысы лауазымынан кеткеніне жеті жыл толды.