Семейлік дәстүрлі әнші, Жәнібек Кәрменовтің шәкірті Қайрат Қабышев 101 әнді тоқтаусыз орындап, әлемдік рекорд орнатуға талпынып отыр. Әншінің айтуынша, бұл бастама жеке жетістікке ұмтылу емес, қазақтың ұмыт бола бастаған әншілік дәстүрін жаңғыртуға бағытталған. Рекордтық концертте қазақ ән өнерінің бес мектебінен туындылар шырқалып, әр шығарма толық нұсқасында орындалады.
Бұл идея Қайрат Қабышевтың санасында кездейсоқ пайда болмаған. Ол өз бастамасының тарихи негізі бар екенін айтады.
– Бұл идея кездейсоқ туған жоқ. Қазақ өнерінің тарихына үңілсек, осындай үлкен тәуекелге барған санаулы өнерпаздардың бірі – Құрманбек Жандарбеков. 1925 жылы Ғани Мұратбаевқа ескерткіш тұрғызу мақсатында ұйымдастырылған концертте ол 101 ән орындауды жоспарлаған. Тіпті орындалатын әндердің тізімі де алдын ала жарияланған. Бірақ сол кеште 68 ән орындаған екен. Бұл туралы оның «Көргендерім мен көңілдегілерім» атты естелік кітабында айтылады, – дейді әнші.
Биыл сол оқиғаға 101 жыл толып отыр. Сондықтан Қайрат Қабышев өзінің бұл әрекетін жай ғана рекорд жаңартуға ұмтылыс емес, қазақ ән өнеріндегі тарихи сабақтастықтың жалғасы деп қабылдайды.
«Қазақта рекорд болмаса да, өнердің шегі болмаған»
Әншінің айтуынша, бүгінгі түсініктегі рекорд ұғымы бұрын болмағанымен, қазақтың өнері әлдеқашан әлемдік деңгейдегі жетістіктерге лайық еді.
– Шынын айтсам, бұрынғы заманда «рекорд» деген ұғым болған жоқ. Егер ата-бабаларымыздың дәуірінде бүгінгідей рекорд тіркейтін жүйе болғанда, қазақтың талай өнерпазы сол кезде-ақ әлемді таңғалдырар еді деп ойлаймын. Өйткені біздің халық таңды таңға ұрып ән айтып, жыр төгіп, күй шерткен ел ғой. Өкінішке қарай, сол дәстүрдің жалғасы бүгінде сиреп бара жатқандай, – дейді ол.
Қайрат Қабышев қазіргі концерттердің форматы өзгергенін, ал бұрын әншінің шеберлігі оның ұзақ уақыт бойы халықты баурап ұстай алуымен өлшенгенін айтады.
– Қазір кей концерттерге қарасаңыз, бір әнді екі-үш адам бөліп айтып шығады. Ұйымдастырушылар шоу жасауға көбірек мән береді. Ал бұрынғы әншілердің жолы мүлде бөлек еді. Жәнібек Кәрменовтердің кезінде халық әншіні сахнадан жібермей, отырған жерінде 10-15 ән айтқызатын болған. Өзім Жәнібек ағамыздан дәріс алдым. Сабақ үстінде кейде 30-40 минут бойы ән шырқап отыратын. Жанды дауыспен орындалған әннің әсері мүлде бөлек, – дейді әнші.
EXPO кезінде ән шырқау бұйырмады
100 ән орындау идеясы Қайрат Қабышевтың көкейінде көп жылдан бері жүрген.
– Бұл ой менде бүгін туған жоқ. EXPO өткен жылдары да осындай жобаны жүзеге асырғым келген. Бірақ қолдайтын ұйымдастырушы табылмады. Кейін елу жасқа толғанда да осындай концерт өткізуді жоспарладым, бірақ оның да сәті түспеді. Абай облысы құрылған тұста да, Абай Құнанбайұлының 185 жылдығы кезінде де бұл ниетімді іске асыра алмадым, – дейді ол.
2024 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы университеттің 90 жылдығында әнші өз идеясын университет басшылығына ұсынған. Олар алдымен сынақ концертін өткізуді жөн көріпті.
– Қазір «100 әнді тоқтаусыз айтамын» десе, оған көп адам сене қоймайды. Сондықтан алдымен сынақ ретінде концерт өткізу туралы шешім қабылданды. Сол концертте екі сағат он бес минут ішінде 25 ән орындадым. Ең қатты таңғалғаным – халықтың ықыласы болды, – дейді Қайрат Қабышев.
Концерт репертуарын халық өзі таңдады
Сынақ концертінің форматы да өзгеше болған. Көрермендер өздері қалаған әндерді сұрап, әнші соларды орындаған.
– Көрермендерге микрофон бердік, олар өздері қалаған әндерді сұрап отырды, мен орындадым. Халыққа ұнағаны соншалық, концерт аяқталған соң жұрт тарамай, әрі қарай жалғастыруымды сұрады. Сол сәтте бұл бастаманың халыққа қажет екенін түсіндім, – дейді әнші.
Осыдан кейін ғана GUINNESS WORLD RECORDS кітабына ресми өтініш беру туралы шешім қабылданған.
– Әлемнің 89 елінде өкілдігі бар осы ұйымға өтініш жолдадық. Олардан оң жауап алған соң дайындықты бастап кеттік. Бұл іске Абай облысының әкімдігі мен Шәкәрім университеті қолдау білдірді. Рекордты тіркеу үшін Қазақстанның әр өңірінен үш сарапшы шақырдық, – дейді ол.
Дәстүрлі өнерді насихаттау – басты мақсат
Қайрат Қабышев бұған дейін де дәстүрлі өнерді дәріптеуге бағытталған жобаларға қатысқанын айтады.
– «Дін және дәстүр» атты арнайы бастамамен Көкшетау өңіріндегі Ақан сері, Біржан сал, Сырымбет ауылдарын аралап, өнер көрсеттік. Кезінде Жәнібек Кәрменовтер барған сол жолды кейін ешкім жалғастырмағандай көрінеді. Қазір әншілердің көбі қалаға ұмтылады, – дейді әнші.
Оның пікірінше, қазіргі қысқа концерттер көрерменнің өнерге деген сұранысын толық өтей алмайды.
– Бүгінгі шағын концерттерде халықтың әнге деген айызы толық қанбайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл бастамаға көпшілік таңданыспен қарап отыр. «Мұндай концерт бұрын-соңды болмаған» деп жатыр. Тіпті тыңдарман бізге алыс-жақын елдерде дәл осындай форматтағы концерт кездеспегенін айтуда, – дейді ол.
Бір кеште бес мектептің әндері орындалады
Алдағы концертте қазақ ән өнерінің бірнеше дәстүрлі мектебінің туындылары орындалады.
– Бұл кеште диапазоны жоғары, орындауға күрделі әндер шырқалады. Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Естайдың әндері орындалады. Сонымен қатар қазақ ән өнеріндегі Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр бойы және Тарбағатай секілді бес мектептің де туындылары қамтылады, – дейді Қайрат Қабышев.
Әншінің айтуынша, оған ұстазы Жәнібек Кәрменовтің өсиеті де әсер еткен.
– Жәнібек ұстазымыз бізге үнемі: «Әнші болғаннан кейін қазақтың барлық әнін білуің керек», – деп айтып отыратын. Сондықтан әр өңірдің әндерін орындауға тырысамын. Жұбайым да Батыс өңірінің қызы, өзі де дәстүрлі әнші, – дейді ол.
«Мақсатым – рекорд емес, ұлттық мұраны жеткізу»
Қайрат Қабышев концерт барысында әндерді қысқартпай, толық нұсқасында орындауды жоспарлап отыр.
– Ертеңгі концертте әр әнді толық орындаймын. Тек санын көбейту үшін бәрін қысқартып, бір қалыпқа салмаймын. Кейбір ән бес-алты шумақ болуы мүмкін, кейбірі қысқа келеді. Бірақ әрқайсысын табиғи қалпында жеткізуге тырысамын, – дейді әнші.
Ол үшін бұл бастаманың негізгі мақсаты рекорд орнату емес екенін ерекше атап өтті.
– Әрине, рекорд үшін әндерді ықшамдап айтуға да болар еді. Бірақ менің мақсатым тек рекорд орнату емес. Мен қазақтың ән өнерін өз болмысымен, табиғи қалпымен тыңдарманға жеткізгім келеді. Бұл кеш толықтай таспаға жазылып, болашақта «Алтын қорға» сақталмақ. Ең бастысы – осы арқылы жастарға дәстүрлі ән өнерінің қадірін танытып, ұлттық мұрамызды насихаттау, – дейді Қайрат Қабышев.
Әншінің айтуынша, бір кеште бес концерттің репертуарын орындау кез келген өнерпаздың тәуекел ете бермейтін қадамы. Сондықтан ол бұл бастаманы жеке жетістік емес, қазақ өнерінің мүмкіндігін әлемге көрсететін мәдени-тарихи маңызды оқиға деп бағалайды.