Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Аймақтар

Кәсіпкерлер алаңдап отыр – Ақмола облысында не болып жатыр?

Кәсіпкерлер алаңдап отыр – Ақмола облысында не болып жатыр?
Фото: коллаж arasha.kz

Қазақстанда жүк тасымалы саласына енгізілген Бірыңғай көлік құжаттарын басқару жүйесі (ЕСУТД) кәсіпкерлер арасында қызу талқыланып жатыр. Ақмола облысының бизнес өкілдері жаңа талаптарды енгізу мерзімі тым асығыс болғанын айтып, жүйенің техникалық әрі ұйымдастырушылық тұрғыдан толық дайын еместігін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Sinegor.kz сайтының жазуынша, 2026 жылдың 1 маусымынан бастап салмағы 3,5 тоннадан асатын көлік құралдарымен жүк тасымалдайтын барлық компаниялар электронды жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттарын міндетті түрде ЕСУТД арқылы рәсімдеуге көшті. Алайда кәсіпкерлердің айтуынша, цифрлық жаңашылдық әзірге жұмысты жеңілдетудің орнына қосымша қиындықтар туғызып отыр.

Нарық қатысушылары ең алдымен жүйенің техникалық мүмкіндіктеріне қатысты мәселе көтеруде. Кәсіпорындардың басым бөлігі пайдаланатын 1С, ERP және WMS сияқты есеп жүйелерімен толық ықпалдастық әлі жолға қойылмаған. Соның салдарынан қызметкерлер бір ақпаратты бірнеше рет енгізуге мәжбүр.

Бизнес өкілдерінің тағы бір алаңдаушылығы – интернет байланысының тұрақсыздығы. Әсіресе ауылдық жерлерде, шалғай өндіріс орындарында және республикалық маңызы бар кейбір жол учаскелерінде байланыс сапасы төмен. Мұндай жағдайда жүйенің қалай жұмыс істейтіні мен құжаттарды рәсімдеу тәртібі нақты айқындалмаған.

«Агроглобал» серіктестігінің директоры Ольга Липеньнің айтуынша, жаңа талаптар күшіне енген алғашқы күннің өзінде тасымалдаушылар құжат рәсімдеуде қиындықтарға тап болған.

Оның сөзінше, көптеген шағын тасымалдаушыларда жүргізуші мен кәсіпорын басшысы бір адам. Енді олар электронды цифрлық қолтаңбамен жұмыс істеуді, бірнеше кезеңнен тұратын жаңа рәсімдерді меңгеруі тиіс. Бірақ бұл бағытта жеткілікті оқыту жүргізілмеген.

Кәсіпкерлер жүйенің техникалық кемшіліктеріне де назар аударды. Мәселен, кейбір кәсіпорындар өнім көлемін литрмен есептейді, ал жүйе тек килограмм көрсеткішін қабылдайды. Мұндай айырмашылықтарды қалай рәсімдеу керектігі туралы нақты түсіндірулер берілмеген.

Сонымен қатар халықаралық тасымалдарға қатысты сұрақтар да аз емес. Кәсіпкерлер шетелдік тасымалдаушылардың жұмысы, транзиттік жүк тасымалы, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі электронды құжаттардың өзара танылуы сияқты мәселелер бойынша нақты ережелердің жоқтығын айтады.

Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов қазіргі жағдайда әкімшілік жауапкершілік мәселесі де алаңдататынын жеткізді.

Оның пікірінше, жүйе толық қалыптасып үлгермеген кезде айыппұл салу кәсіпкерлерге қосымша қысым түсіреді. Сондықтан бизнес қауымдастығы алдымен бейімделу кезеңін енгізіп, алғашқы уақытта ескерту жасаумен шектелуді ұсынып отыр.

Кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша ЕСУТД жүйесіне кемінде бір жылдық өтпелі кезең берілуі керек. Сонымен қатар интернет болмаған жағдайда жұмыс істейтін офлайн режім қарастырылып, жүйе бизнес өкілдерінің қатысуымен қайта сынақтан өткізілуі қажет.

Ақмола облысының кәсіпкерлері көтерген мәселелер мен ұсыныстар Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданып, мемлекеттік органдармен бірлесіп қаралатын болады.