Әлемде ерекше қабілеті бар деп танылған балалар туралы оқиғалар жиі талқыланып келеді. Көпшілік олардың болашақты болжайтынына немесе тылсым күшке ие екеніне сенсе, мамандар бұл құбылысты психологиялық және әлеуметтік факторлармен байланыстырады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Life басылымының жазуынша, әр жылдары көзі көрмейтін ресейлік Саша Сулин, француз қызы Каэде Убер және өзін Марста өмір сүргенмін деп мәлімдеген Борис Киприянович сияқты балалар қоғам назарын өзіне аударған. Олардың айналасында түрлі болжамдар мен аңыздар қалыптасып, кейбіреулері тіпті атақты көріпкелдердің ізбасары ретінде таныстырылған.
Саша Сулиннің оқиғасы әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тез тарады. Ол мерзімінен бұрын дүниеге келіп, ауыр денсаулық мәселелерін бастан өткерді, көру қабілетінен айырылды, церебралды сал ауруы (ДЦП) диагнозын алды және бала кезінен ондаған отадан өтті. Алайда жұртшылық оны тек тағдыры ауыр бала ретінде ғана қабылдаған жоқ. Уақыт өте келе Сашаның айналасында болашақ туралы мәлімет алып, елдің тағдыры жайлы болжам жасайтын ерекше бала бейнесі қалыптасты.
Адамдарды әсіресе оның нәзіктігі мен өзіне деген сенімділігінің үйлесімі таңғалдырады. Болашаққа қатысты болжамды ересек эзотерик айтса, оған күмәнмен қарау оңай. Ал дәл сондай сөздерді ауыр тағдырды бастан өткерген бала айтқанда, аудитория оны басқаша қабылдайды. Мұндайда адамдардың қарсы пікір айту емес, тыңдағысы келеді. Тексеруден гөрі сенуге бейім болады. Осылайша медиада Саша жай ғана бала емес, әлдебір үлкен күштің хабарын жеткізуші ертегідегі кейіпкерге ұқсас бейне ретінде қалыптасады.
БАҚ-та тараған мәліметтерге сәйкес, Саша Сулин Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың аяқталуға жақын қалғанын айтқан. Оның болжамынша, 2025 жыл болашақ бейбіт келісімнің негізі қаланатын кезеңге айналса, толық бейбітшілікке 2026 жылы қол жеткізілуі мүмкін. Сондай-ақ ол бұл қақтығыста Ресей жеңіске жетеді деген пікір білдірген. Алайда бұл мәлімдемелердің ресми немесе ғылыми негізі жоқ және олар тек көріпкелдік сипаттағы болжамдар ретінде қарастырылады.
Сарапшылардың пікірінше, адамдар белгісіздік пен дағдарыс кезеңдерінде қарапайым жауап іздеуге бейім келеді. Осы себепті көпшілік балалардың айтқан сөздерін шынайы қабылдап, оларға ерекше сенім артуы мүмкін.
Басылым мұндай жағдайларда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің ықпалы зор екенін атап өтеді. Жарияланған ақпараттар мен видеолар кең аудиторияға тарап, балалардың айналасында ерекше тұлға бейнесін қалыптастырады.
Мамандар балаларға тылсым қабілет иесі ретінде қараудан бұрын олардың құқықтары мен психологиялық жағдайын ескерудің маңыздылығына назар аударады. Олардың пікірінше, мұндай оқиғалар көбіне қоғамның сенімге деген қажеттілігін көрсетеді.