Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Назарбаевтың жағажайдағы видеосы қай жерде түсірілгені айтылды

Назарбаевтың жағажайдағы видеосы қай жерде түсірілгені айтылды
ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Назарбаевтың жағажайда жүгіріп бара жатқан видеосына пародия жасау тренді кең тарап жатыр. Желі қолданушылары бұл кадрларды қайталап түсіріп, түрлі әзіл видеолар жариялауда. Алайда көпшілік бастапқы видеоның нақты қай жерде түсірілгенін біле бермейді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Блогер Февралев осы кадрлардағы орынды анықтауға тырысқан. Оның айтуынша, видео Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы әйгілі Копакабана жағажайында түсірілген болуы мүмкін.

Блогер бұған дәлел ретінде видеодағы табиғи көріністерді, Назарбаевтың артқы жағынан байқалатын төбелерді және жағажай маңындағы ғимараттарды көрсеткен. Оның пайымынша, бұл белгілер Копакабана жағажайына ұқсайды.

Желі қолданушылары бұл ақпаратты әзілмен қабылдады. Бірі енді қазақстандықтар осы трендті түсіру үшін Бразилияға баратын шығар деп қалжыңдаса, енді бірі блогер бұл туристік орынға жарнама жасап берді деп пікір қалдырған.

Кейбір қолданушылар видеоны бұрыннан көргенімен, оның Бразилияда түсірілген болуы мүмкін екенін алғаш рет естіп отырғанын жазды.

"Бұл видеоны талай рет көрдім. Бірақ Түркияда түсірілген шығар деп ойлап жүр едім. Сөйтсем, мүлде басқа жер екен", – деп пікір білдіргендердің бірі.

Айта кетейік, Копакабана – Рио-де-Жанейро қаласындағы ең танымал жағажайлардың бірі. Ұзындығы шамамен 4 шақырымға созылатын бұл орын әлемге белгілі туристік нысандардың қатарына кіреді.

Копакабанада жыл сайын ірі мерекелік шаралар, концерттер және мәдени іс-шаралар өтеді. Әсіресе Жаңа жыл мерекесінде бұл жағажайға миллиондаған адам жиналатыны айтылады.