Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Еліктеп өскен әншім": Бағлан Әбдірайымов әнші Мақсат Базарбай туралы айтты

"Еліктеп өскен әншім": Бағлан Әбдірайымов әнші Мақсат Базарбай туралы айтты
Malim.kz коллажы

Танымал әнші Бағлан Әбдірайымов әріптесі Мақсат Базарбайға деген ерекше құрметін білдіріп, оның өнері бала күнінен жүрегінде сақталғанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Malim.kz мәліметінше, өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында Мақсат Базарбайдың әндерін алғаш рет бала кезінде тыңдағанын еске алды. Оның айтуынша, сол кездегі әсер әлі күнге дейін ұмытылмаған.

Бағлан Әбдірайымов 2000-2001 жылдары Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов мәдениет үйіне "Бауыржан шоу" ұжымымен бірге келген Мақсат Базарбайдың сахнада домбырамен "Сыған серенадасы" мен "Алқалы жұртым" әндерін орындағанын әлі күнге дейін ұмытпағанын жазды.

"Сол сәттер бала жүрегіме өшпестей із қалдырған. Кейін "МузАРТ" тобымен шырқаған әндерін тыңдап өстік. Даусындағы әсемдік пен орындау шеберлігіне тәнті болып, партияларын айнытпай салуға тырысқан кездеріміз де болды. Бір сөзбен айтқанда, еліктеп өскен әншілеріміздің бірі", – деді ол.

Әншінің айтуынша, арада ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол күндердің әсері әлі де ерекше сезіледі.

"Маке, қартаймаңыз! Жібек үніңіз елдің жүрегінен орын таба берсін. Сахналық ғұмырыңыз ұзақ та баянды болсын! Халықтың ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіз!" – деп жазды Бағлан Әбдірайымов.

Желі қолданушылары да әншінің жазбасына жылы пікір қалдырып, Мақсат Базарбайдың қазақ эстрадасында өзіндік орны бар өнер иесі екенін атап өтті.