Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Полиция 1 жастағы сәбиді аңдамай атып өлтірді

Полиция 1 жастағы сәбиді аңдамай атып өлтірді
Фото: freepik

АҚШ-тың Миссисипи штатындағы Walmart супермаркетінің тұрағында полиция қызметкерлері Кохен Уайли есімді бір жасар баланы атып өлтірді, деп хабарлайды Arasha.kz Politico.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға 14 маусым күні Сенатобия қаласындағы Walmart дүкенінің тұрағында болған. Полиция қызметкерлері бір орама жөргек ұрланды деген хабарламамен оқиға орнына келген. Баланың анасы қасындағы құрбысының тауар ақысын толық төлегенін айтып отыр.

Отбасы мүшелері көліктің тұрақтан шығып бара жатқанын алға тартса, полиция көліктің өздеріне қарай жүріп, қызметкерлердің бірін қағып кете жаздағанын мәлімдеді. Оқ ату салдарынан сәби көз жұмып, көлікте болған екінші әйел ауыр жарақат алды.

"Мен сәбиімнің алғашқы демін қалай алғанын көрдім және оның соңғы демін қалай алғанын да көрдім", – деді баланың анасы Веллезия Уайли баспасөз мәслихатында.

Қазір отбасының мүддесін құқық қорғаушы адвокат Бен Крамп қорғап жатыр. Ол полицейлердің кеуде камералары мен патрульдік көліктердегі, сондай-ақ дүкендегі бейнежазбаларды ашық жариялауды талап етті.

"Егер бұл рас болса, дәлелдеңіздер, бейнежазбаны жариялауды неғұрлым ұзаққа созсаңыздар, сіздерге деген сенім соғұрлым азаяды", – деп мәлімдеді Крамп.

Істі жүргізіп жатқан Миссисипи тергеу бюросы қолда бар бейнематериалдар туралы ақпарат беруден бас тартып, тергеудің басымдықпен жүргізіліп жатқанын ғана жеткізді. Қорғаушы полиция қызметкерлерінің көлік нөмірін жазып алып, оларды жібере салуға толық мүмкіндігі болғанын алға тартты.

"Оларды бір орама жөргек үшін шақырды, ал қазір отбасы баласын жерлеп жатыр, мұны полицияның ақылға қонымды әрекеті деп атауға болмайды", – деп атап өтті адвокат.

Зардап шеккен тарап тәуелсіз сот-медициналық сараптамасын өткізуге ниетті. Оқтың траекториясы полицейдің қай тұстан атқанын және оның өміріне нақты қауіп төнгенін анықтауға көмектеседі.