Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Мәдениет

"Мың жылда бір туатын бала": Димаштың ұстазы әйгілі шәкірті туралы айтты

"Мың жылда бір туатын бала": Димаштың ұстазы әйгілі шәкірті туралы айтты
Malim.kz коллажы. Суретте: Марат Әйтімов пен Димаш Құдайберген

Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің ұстазы Марат Әйтімов 2019 жылы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында шәкіртінің өнердегі жолы мен адамдық қасиеттері туралы айтқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулаған Димаш үшін Марат Әйтімовтің орны ерекше. Әнші ұстазына әрдайым құрметпен қарап, оның ақыл-кеңесін жоғары бағалайды. Ал ұстазы мұны Димаштың алған тәрбиесімен, табиғи болмысымен байланыстырады.

Марат Әйтімовтің айтуынша, Димаш – сирек кездесетін талант иесі. Ол шәкіртінің тек ерекше дауысын ғана емес, тәрбиесін, үлкенге құрметін, кішіпейілдігін де жоғары бағалайды.

"Мысы басады деген әңгіме сыйлағандықтан болар. Димаш – мың жылда біртуар, Құдай маңдайынан сүйген ерекше бала. Он жерден сен тәрбиелі, көрегенді болғаныңмен, Алла саған талант бермесе, ештеңеге қол жеткізе алмайсың деп ойлаймын. Оның үстіне бұл балада атасы мен әжесінің тәрбиесі бар. Қандай көергенді! Үлкенді сыйлап, бүлдіршіндерді бауырына басып жүреді. Ол Ақтөбеге келген сайын көріп жатырмын десем өтірік айтқан боламын. Мүмкіндік болса, міндетті түрде соғып кетуге тырысады. Жұмысқа соқса, даусын көріп, қандай жағдайда екенін қараймын. Ерекше сыйлық жасағаны рас. Бірақ мен біреулер секілді пәленше маған берді деп айтқан емеспін. Сыйлық алдым", – деді Марат Әйтімов.

Димашқа төрт жыл бойы жеке сабақ берген Марат Әйтімов әншінің бүгінгі жетістігін үздіксіз ізденіс пен еңбектің нәтижесі деп санайды. Оның пікірінше, үлкен өнерге жету үшін тек дауыс жеткіліксіз. Нағыз әншіге еңбекқорлық, мінез, төзім және өнердің қадірін түсіну қажет.

"Біз балаларды жекелеп оқытамыз. 45 минут бойы жалғыз бала аптасына төрт рет сабақ алады. Маған келген балаларды бірден байқауға жібермеймін. Қазір "әу" дегеннің бәрі әннің соңына түсіп желпілдеп, ата-анасы еріп жүреді. Ол бала лауреат сыйлығын алу керек. Сөздің шыны керек, музыканың, ән айтудың парқын білмегендер алысқа бармайды. Димаш үнемі ізденісте жүреді. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін де жақсы мінез болу керек. Димаш ойыңды тез түсінеді. Онымен жұмыс жасау қиын болған жоқ. Әлем мойындап жатыр. Қазақ елі үшін үлкен мақтаныш", – деді ұстазы.

Марат Әйтімов Димашпен жұмыс істеу қиын болмағанын айтады. Өйткені әнші айтылған ойды тез қабылдап, үнемі ізденісте жүрген. Ұстазының сөзінше, Димаштың әлемдік деңгейде мойындалуы – қазақ елі үшін үлкен мақтаныш.

"Әріптестері тарапынан неше түрлі нәрселер айтып жатса да, оған ешқандай жауап қайтарып жатқан жоқ. Өнерде жүрген аға-апаларымыз секілді интернетте, БАҚ арқылы арпылдасып, ешкімді ғайбаттап көрген емес. Болашағы үлкен адамның болмысы да солай болу керек", – деді ол.

Ұстаз Димаштың өзінен сескенетінін әзілмен жеткізді. Айтуынша, ол білім берген кезде барлық шәкірттеріне талапшыл болған. Себебі өнерде кәсіби деңгейге көтерілу үшін қатал тәртіп пен табандылық қажет.

"Қанаттан ығатын болуы мүмкін. Сосын менен ығады. Менен жаман қорқады (күліп). Білім алған кезде жалғыз Димашқа емес, барлық балаларыма қаттымын. Қатты болмасаң белгілі бір кәсіби сатыға көтерілу мүмкін емес. Жеке өмірі жайында аздап айтатын кездер болады. Мен қазбалап сұрамаймын. Тек кеңес беремін. Баламдай болғаннан кейін ертең бармағын тістемейтін, жөні түзу қызбен бас қосқанын қалаймын. Біз саясат жайында айтпаймыз. Ұлт жайында, қазақтың салт-дәстүрлері туралы айтамыз. Димаштан кейін де жақсы шәкірттер бітіріп жатыр. Олардың көпшілігі опера жолын таңдады", – деді Марат Әйтімов.