Белгілі қазақстандық тележүргізуші Динара Сәтжан қатысқан ескі сұхбат әлеуметтік желілерде қайта тарап, қазақстандықтар арасында жаңа дау туғызды, деп хабарлайды Arasha.kz, Finratings.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Әңгіме 2024 жылы парадзюдо чемпионы Ақмарал Науатбек қатысқан сұхбат туралы болып отыр. Сол кезде Динара Сәтжан спортшыға:
«Сен Олимпиада алтынын армандадың ба, әлде Паралимпиада алтынын ба?» - деген сұрақ қойған.
Дәл осы сұрақ қоғам тарапынан бірден сынға ұшырап, көпшілік жүргізушінің сауалын этикаға сай емес деп бағалаған еді.
Арада екі жыл өткен соң, яғни 2026 жылы бұл сұхбаттың үзіндісі TikTok пен басқа да әлеуметтік желілерде қайта таралып, мәселе тағы да қызу талқының ортасына шықты.
Желі қолданушылары жүргізушінің сұрағын мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қатысты орынсыз және құрметсіз деп қабылдап, пікірталас қайта өршіді.
Еске салайық, алғашқы дау кезінде Динара Сәтжан сұхбаттың толық нұсқасын әлеуметтік желіден өшіріп, кейін қайта жүктеген болатын. Сонымен қатар ол Instagram парақшасында жағдайға байланысты пікір білдірген еді.
Алайда арада екі жыл өтсе де, қоғам бұл оқиғаны ұмытпағаны байқалады. Ескі сұхбаттың қайта таралуы әлеуметтік желілердегі кез келген сөз бен әрекеттің жылдар өтсе де қайта бағалануы мүмкін екенін көрсетті.