1 шілде күні Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы құбылады. "Қазгидромет" РМК синоптиктері бірнеше облыста жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел болатынын ескертті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Маңғыстау облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың солтүстігі мен орталығында нөсер жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Ақтауда да жаңбыр мен найзағай болып, жел 15-18 м/с жылдамдықпен соғады.
Ақтөбе облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Облыстың батысы, оңтүстігі мен шығысында кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Түнде және таңертең солтүстік пен орталық аудандарда тұман түсуі мүмкін. Ақтөбе қаласында да жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Қарағанды облысының кей аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл тұруы ықтимал. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Облыстың бірқатар ауданында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болады деп болжанды. Облыстың солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетеді. Алматы қаласында 1 шілдеде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі ықтимал. Түнде нөсер жаңбыр күтіледі.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең тұман түседі. Орал қаласында да найзағай, бұршақ, дауыл және тұман болуы мүмкін.
Павлодар облысында түнде және күндіз жаңбыр жауып, кей жерлерде бұршақ пен дауыл болады. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Павлодар қаласында күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі.
Ұлытау облысының солтүстігінде түнде, батысында күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың оңтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының оңтүстігі, шығысы және таулы аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болады. Тараз қаласында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең кей аудандарда тұман түседі. Желдің екпіні кей тұстарда 25 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Петропавлда күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райы нашарлаған кезде сақ болуға кеңес береді. Қатты жел кезінде ағаштардың, бағаналардың және жарнама қалқандарының маңында тұрмау қажет. Найзағай кезінде ашық алаңда, су жағасында және биік нысандардың жанында жүру қауіпті.