Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Тек күйеу бола аламын": Тұңғышбай Жаманқұлов жұбайы туралы айтты (ВИДЕО)

"Тек күйеу бола аламын": Тұңғышбай Жаманқұлов жұбайы туралы айтты (ВИДЕО)
ашық дереккөзден. Суретте: Тұңғышбай Жаманқұлов пен Дәрия Жүсіп

Белгілі театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов жұбайы Дәрия Әбдімәлікқызы туралы ашық айтты. Өнер иесі әйелінің өзінен екі мүшел кіші екенін және оған шәкірті болып жүрген кезінде ғашық болғанын 2023 жылы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Актердің сөзінше, ол кезде қоғамның сөзі мен елдің пікірін ойлап отыратын жағдай болмаған. Тұңғышбай Жаманқұлов болашақ жарының еңбекқорлығына, ақыл-парасатына және адамдық қасиетіне тәнті болғанын айтты.

"Оқушым, ол кезде сөзді ойлайтын жағдай болмады. Мен оның (әйелінің - ред.) еңбекқорлығына, ой-пайымына тәнті болдым. Таптаурын болып кеткен сөзбен айтсақ, көзсіз ғашық болдым. Белді будым да, осы шешімге бардым.

Алдында өмірімнің бәрі жақсы еді демей-ақ қояйын. Бірақ, оның маған деген үлкен сыйластығы сезімге айналды. Біз жасырын жүруге қорқып, ашық кеттік. Маған біреу "Атағыңыз бар, қызықсыз. Сізден екі мүшел кіші, оны жақсы көрсеңіз көңілдес болып жүре бермедіңіз бе?" деді. Мен "Көңілдес бола алмаймын. Мен тек күйеу бола аламын" деп аузын жаптым.

Құдайға шүкір, екі ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым Мәскеуде университет бітіріп келді. Екінші ұлым тіс дәрігері мамандығын оқып жатыр. Қызым 10 сыныпта", – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.