Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Қазақстанда жаңа кезең басталды», - Тоқаев маңызды мәлімдеме жасады

«Қазақстанда жаңа кезең басталды», - Тоқаев маңызды мәлімдеме жасады
Сурет ашық дереккөзден алынған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңартылған Конституциясының күшіне енуіне байланысты халыққа үндеу жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz, akordapress-ке сілтеме жасай отырып.

Президент өз үндеуінде бұл күннің ел тарихындағы айрықша маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі Қазақстан үшін жаңа дәуірдің басталғанын білдіреді.

«Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Біз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түсеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумның тарихи маңызына ерекше тоқталды. Президенттің сөзінше, қазақстандықтар ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды таңдау жасап, жоғары жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.

Сонымен қатар, Президент бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл қадам елдегі көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен ұштастыруға мүмкіндік береді.

«Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үндеу соңында Президент Қазақстан халқын бірлікке шақырып, елдің болашағы – әділетті, қуатты әрі дамыған мемлекет құруда екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!» - деп қорытындылады Мемлекет басшысы.