Қазақстанның мақтанышына айналған әнші Димаш Құдайбергеннің отбасында қуанышты жаңалық болды. Өнер иесінің анасы Света Айтбаева әлеуметтік желіде кенже ұлы Мансұрдың маңызды жетістігін бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Света Айтбаеваның айтуынша, ұлы Мансұр Құдайберген Қазақ ұлттық өнер университеті колледжін сәтті аяқтап, отбасы мүшелерін үлкен қуанышқа бөледі.
Өнер иесі бұл жаңалықты Instagram парақшасында жариялап, ұлына жүрекжарды тілегін арнаған.
«Мансұртайым Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжін аяқтап, бәріміз қуанып жатырмыз. Құтты болсын, ботақаным! Өз ісіңнің шебері бол», - деп жазды ол.
Сондай-ақ Света Айтбаева Мансұрдың осы уақытқа дейін ағасы Димаштың қасында жүріп, әлемнің түрлі сахналарында өнер көрсеткенін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, жас музыкант халықаралық деңгейдегі шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби музыканттармен бірге жұмыс істеп, алғашқы шығармаларын жазып үлгерген.
Бұдан бөлек, Мансұр бірнеше музыкалық аспапты меңгеріп, шығармашылық жолда өзін дамытуға үлкен қадам жасап келеді.
Әншінің анасы ұлының білім алуына үлес қосқан ұстаздарына да алғыс айтты. Атап айтқанда, гитараны кәсіби деңгейде үйреткен Әліби Юсуфұлына, Павел Александровичке және кураторы Раушан Рахембайқызына ризашылығын білдірді.
«Бақытты бол, ең бастысы ғұмырлы бол, ботам», - деп жазбасын аяқтады Света Айтбаева.
Айта кетейік, Мансұр Құдайберген бала кезінен өнер ортасында өсіп, ағасы Димаштың концерттері мен халықаралық сапарларында жиі бірге жүрген. Қазір желі қолданушылары жас музыканттың алғашқы үлкен жетістігіне қуанып, оның болашағынан зор үміт күтетіндерін жазуда.