Әлеуметтік желіде жарияланған ауруханадағы суреттер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Кадрлардың бірінен түсініксіз көлеңке байқалып, автор мұны көпшіліктің талқысына ұсынды. Оның пікірінше, бұл көрініс өмірден кейінгі құбылыстар туралы түрлі ойға жетелеуі мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz, reddit.com- сайтына сілтеме қалдыра отырып.
Аталған суреттер туыстарының бірі қайтыс болған күні ауруханада түсірілген. Фотоны жариялаған адамның айтуынша, камера сол сәтте секундына алты кадр түсіретін режимде жұмыс істеген. Алайда түсірілген алты суреттің бесеуі қалыпты болғанымен, бір кадрда белгісіз қара көлеңке пайда болған.
Ер адам бұл жағдайдың қалай болғанын өзі де түсіндіре алмаған. Сондай-ақ ол бұл бейненің жүрегі тоқтап, сол күні көз жұмған науқасқа қандай да бір қатысы бар-жоғын білмейтінін айтты.
Оның сөзінше, егер палата ішінде расымен кәдімгі адам жүрген болса, ол бір ғана емес, бірнеше кадрда қатарынан көрінуі керек еді. Ал бұл жағдайда белгісіз бейне тек жалғыз суретте ғана пайда болған.
Фото авторы өзі паранормалды құбылыстарға аса сене бермейтінін жеткізді. Бұған дейін осындай оқиғаларға кезіккенде әрдайым ғылыми немесе логикалық түсініктеме іздеуге тырысқан. Бірақ бұл жолы ешқандай нақты жауап таба алмағанын айтты.
Сонымен қатар ол жарияланған суреттердің ешқандай өңдеуден өтпегенін, қолдан жасалмағанын алға тартты. Ал бұл жағдайға қандай баға беру керегін әр адам өзі шешсін дейді.