Алматы облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінген мемлекет қаржысын аса ірі көлемде жымқыруға қатысты қылмыстық істің тергеуін аяқтады , деп хабарлайды Arasha.kz.
Тергеу мәліметінше, бұл заңсыз схеманы ұйымдастырған – Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты. Ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі мен мемлекеттік субсидия алу тетіктерін жақсы білген ол бюджет қаржысын заңсыз иемденудің тұрақты жүйесін құрған.
Күдікті өзіне қарасты компаниялар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығын пайдаланған.
Тергеу барысында аталған шаруашылықтар мемлекеттік органдарға өнеркәсіптік көлемде жидек өсіруге арналған таңдаулы таңқурай көшеттерін сатып алғаны туралы жалған құжаттар тапсырғаны анықталды.
Заңсыз әрекетті жасыру үшін қолдан жасалған сатып алу-сату келісімшарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электронды шот-фактуралар және көшет өндірушілерді аттестаттау құжаттары рәсімделген.
Алайда іс жүзінде құжатта көрсетілген көлемде көшеттер жеткізілмеген. Тіпті кейбір шаруашылықтардың өндірістік көлемде таңқурай өсіруге нақты мүмкіндігі болмағаны белгілі болды.
Осылайша мемлекеттен 2,6 миллиард теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.
Тергеу дерегіне сәйкес, заңсыз жолмен алынған қаржының 491 миллион теңгесі қор нарығындағы операцияларға жұмсалған. Ол үшін күдікті жұбайының атына брокерлік шот ашып, қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алған.
Сонымен қатар тағы 400 миллион теңге «iSolutions Capital» микроқаржы ұйымына уақытша қаржылай көмек ретінде аударылған. Кейін бұл қаражат бірнеше кезеңмен қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Бұдан бөлек, ұрланған қаржының 170 миллион теңгесін күдікті Қонаев қаласындағы казиноларда құмар ойындарға жұмсағаны анықталды.
Сот шешімімен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Оның ішінде төрт пәтер, үш автокөлік, жеке тұрғын үй және бағалы қағаздар бар.
Қазіргі таңда іс бойынша үш күдікті қамауға алынған. Қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.