Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жары Айман Талғатқызы әлеуметтік желіде өзіне бағытталатын жағымсыз пікірлер жайында ойын бөлісті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол қазіргі жастардың көзқарасы өзгеше екенін айтып, олардың жеке шекараны сақтай білетінін ерекше атап өтті. Айман Талғатқызының сөзінше, бүгінгі буын өз мақсатын нақты біледі және өмірге саналы қарайды.
«Қазіргі жастар өте ақылды, саналы. Біреудің жеке шекарасына кірмейді. Көздері ашық, көкірегі ояу. Өз ойларын саралай алады», - деп жазды ол.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желіде өзіне ауыр сөз айтып, қарғыс немесе жағымсыз пікір жазатындардың басым бөлігі жастар емес екенін айтты.
Айтуынша, мұндай пікір қалдыратындардың көпшілігі - жасы үлкен әйелдер.
«Маған негатив, қарғыс, ұятсыз сөздер жазатындардың 90 пайызы - апалар, енелер, құдағилар. Өздері кезінде көп нәрсеге көніп, ішіндегі жиналған ауырлықты кімнен аларын білмей жүргендей», - деді Айман Талғатқызы.
Сондай-ақ ол кейбір үлкен буын өкілдерінің әлеуметтік желідегі әрекетін сынға алып, мұндай адамдар өз өміріндегі өкініш пен ренішті өзгеден көретінін меңзеді.
Желі қолданушылары Айман Талғатқызының бұл жазбасын қызу талқылап, пікірлері екіге бөлінді.
