Алматы қаласындағы Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты іс қаралып жатқан кезде журналистер сот қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін орындауға мүмкіндік бермегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
БАҚ өкілдерінің айтуынша, сот ғимаратындағы қызметкерлер тілшілерді арнайы бөлмеде ұстап, сыртқа шығуына шектеу қойған. Соның салдарынан журналистер сот отырысы аяқталғаннан кейін айыпталушыдан пікір ала алмаған.
Журналист Руслан Өтепбайдың сөзінше, мұндай жағдай қатарынан екі күн бойы қайталанған. Оның айтуынша, бұл әрекет журналистердің Әділетхан Молдаханнан сұхбат алуына жол бермеу үшін жасалған болуы мүмкін.
«Сот қызметкерлері біздің құқықтарымызды шектеп, кәсіби қызметімізге кедергі келтірді. Бұл жағдай кеше де болды, бүгін тағы қайталанды. Біздің ойымызша, мұның бәрі Әділетханнан пікір алмауымыз үшін жасалып отыр», - деді Руслан Өтепбай.
Оқиға орнында түсірілген бейнежазба кейін әлеуметтік желілерде жарияланып, қоғам талқысына түсті.
Айта кетейік, бұл сот отырысында блогерге қатысты соңғы үкім шығарылады деп күтілген еді. Алайда мемлекеттік айыптаушы тарап күтпеген жерден жаңа айыптау актісін ұсынып, іс бойынша бап қайта қаралған.
Нәтижесінде Әділетхан Молдаханға тағылған айып ауырлап, іс Қылмыстық кодекстің 274-бабы 3-бөлігі, яғни ірі залалға әкелген көрінеу жалған ақпарат тарату бабы бойынша қайта сараланды.