Желідегі парақшасында өзін топ еркек зорлап, жүкті еткенін айтқан Наташа Қалымбетова Qasqa Jol YouTube арнасына сұхбат беріп, басынан өткенін егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Наташа Қалымбетова қанша жылдан кейін бұл оқиғаны не үшін жария еткенін түсіндірді.
"32 жыл бұрын өзімнің туған ауылымда мені аямай қорлап, зорлаған төрт жігіт туралы екі ай бұрын парақшама салған болатынмын. Ішімде жатқан ауруымды елге айтып, пікір алмасайын, тәжірбиелі психолог кезігіп қалар, менікіндей жағдайды өткергендер көмектесіп қалар деген оймен бөлістім. Қазір Тайландта тұрып жатырмын. Сол жақта жалға алған көлігімді соғып алдым. Бірнәрсеге ренжісем 32 жыл бұрын болып кеткен нәрсе есіме түседі. Сол күні стреспен жаздым да, бірақ жарияламадым. Артынша салып едім бір күннің ішінде миллион қаралым жинапты. Ертеңгі күні Астанадан хабарласып, іс қозғалғанын айтып елге қайтуымды сұрады. 20-30 минуттан кейін Оралдан хабарласып, қашан келетінімді сұрады. Кейін Тайландтан елге барып-келуге бір айға рұқсат алдым. Оралға келе сала арыз жаздым. Осыған дейін мұндай жағдай тек менің басымнан өтті деп ойлайтынмын. Видеоны жүктегеннен кейін көп қыздың басынан өткенін білдім. Көп сұрақ келген соң тереңірек айта бастадым", - деді келіншек.
Тағдырдың тепкісін көрген ол қызынан қалай көз жазып қалғанын баяндады.
"Мені зорлағандарды танымаймын. Екеуі екі кластасымның ағасы, оларды жақсы білемін. Бірақ араластығым жоқ, Үшінші жігіттің аты-жөнін есіме түсіріп айттым, ал қалғанын білмеймін. Оның бәрін полиция қарап жатыр. Менің ішімді өртейтін бір нәрсе - қызымның қайда екенін бейхабармын. Ол шетел асты ма әлде органдарын тапсырып жіберді ме еш хабарым жоқ. Осыған дейін бұл туралы тек екі адамға айттым. Мен шарасыз болдым. Негізі әкемнің інісі "Балалар үйінде" қызмет еткен. Бірақ қанша тырыссам да ол кісіге беттеп, сұрай алмадым, өзі мені тартпайтын. Менің ойымша, сол ағам мен анам қызымның қайда екенін біледі. Қызымды қайда, қалай жібергенін ағам біледі. Менің білетінім қызым 3 жасқа дейін "Балалар үйінде" болды. Жаңа жылда босанған соң қараусыз қалдым. Ешкім іздеп келмейтін әйел, баласы "отказной" деген сөздер болды. 9 күн перзентханада жатып, ол жерден шығарып жібергенше қызымды еміздім. Сол жердегілер менің жағдайымды түсінетінін алайда үй-күйсіз, жұмыссыз студентке бала бермейтінін, есейіп есімді жиған уақытта қызымды алып кететінімді айтып, қолыма мекен жай жазылған қағаз ұстатты", - деді ол.