АҚШ-тың Огайо штатындағы Хэмден ауылында полиция бір үйден жасы 18 ай мен 18 жас аралығындағы 16 баланы ауыр жағдайда тауып, қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 30 маусым күні басқа қылмыстық іс бойынша жүргізілген тінту кезінде анықталған. Құқық қорғау органдары үйге кіргенде балалардың адам төзгісіз жағдайда өмір сүргенін көрген. Ресми мәлімет бойынша, олар бірнеше жыл бойы өте тар бөлмеде оқшауланып өмір сүрген. Үйдің іші қоқысқа толып, антисанитариялық жағдайда болған. Кейбір балалардың сөйлеу қабілеті толық дамымаған, ал үлкендерінің бірі өз есімін де жаза алмаған.
Балалардың жасы 18 айдан 18 жасқа дейін. Олардың ешқайсысы мектепке бармаған, медициналық бақылауда болмаған. Жеті бала ауруханаға жеткізіліп, екеуі тікұшақпен мамандандырылған орталықтарға тасымалданды. Кемінде бір баланың жағдайы ауыр екені хабарланды. Қазір барлық бала мемлекет қамқорлығына алынған.
Тергеу барысында балалардың ата-анасы деп танылған 36 жастағы ер адам мен 33 жастағы әйел, сондай-ақ атасы мен әжесі ұсталды. Олардың әрқайсысына балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді деген айыппен 16 бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер тағылған айыптарды мойындамаған. Тергеушілер бұл істің адам саудасына қатысы жоқ екенін, бұл – бір отбасы ішіндегі қатыгездік пен ұзақ жылдарға созылған оқшаулау дерегі екенін мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сәйкес, 33 жастағы әйел 15 жасында тұрмысқа шыққан, ал алғашқы жүктілігі 13 жасында болған деген ақпарат айтылуда. Алайда бұл деректерді құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ. Сондықтан бұл мәліметтер әзірге тек туыстарының сөздері мен әлеуметтік желілердегі жазбаларға негізделген.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Мамандар балалардың нақты қанша уақыт бойы осындай жағдайда өмір сүргенін, олардың тууы мен тәрбиесіне қатысты барлық мән-жайды анықтап жатыр. Бұл оқиға АҚШ-та балалардың құқықтарын қорғау жүйесіне қатысты қызу талқылауға себеп болды.