Астана күніне орай ұйымдастырылған дрон шоуы көпшілік күткендей әсер қалдырмады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, тұрғындар бірнеше күн бойы жарнамаланған шоудың басталуын ұзақ күткен. Алайда шара шамамен жарты сағатқа кешігіп басталып, небәрі 8 минутқа ғана созылған.
Көрермендердің айтуынша, мерекелік қойылымның орнына аспанда коммерциялық банктің логотипі мен әнші Энрике Иглесиастың концертіне қатысты жарнамалық бейнелер көрсетілген. Бұл жайт көпшіліктің наразылығын туғызды.
Әлеуметтік желі қолданушылары уақыттарын арнайы бөліп келгендерін айтып, мұндай ауқымды мерекелік шараның жарнамалық сипатқа ие болғанын сынға алды. Кейбір тұрғындар бағдарламаның тым қысқа болғанына және көріністердің аздығына көңілі толмағанын жеткізді.
Куәгерлердің сөзінше, шоу кеш басталғандықтан көрермендер ұзақ уақыт күтуге мәжбүр болған. Тіпті көпшіліктің арасында кішкентай балалардың жылап қалғаны да айтылды.
Желі қолданушыларының пікірінше, қала күніне арналған мерекелік іс-шара халыққа арналған ерекше шоу болуы тиіс еді. Ал бұл жолы көрсетілімнің басым бөлігі коммерциялық мазмұнға құрылған деген пікірлер жиі айтылып жатыр.
Қазіргі уақытта шараны ұйымдастырушылар тарапынан аталған сын-пікірлерге қатысты ресми түсініктеме жарияланған жоқ.