Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Динара Жанықұл отбасы төңірегіндегі дау және бизнесі туралы ашық айтты

Динара Жанықұл  отбасы төңірегіндегі дау және бизнесі туралы ашық айтты
Сурет ашық дереккөзден алынған

Қазақстандағы танымал медиаменеджер әрі кәсіпкер Динара Жанықұл журналист Шолпанның YouTube арнасына берген сұхбатында жеке өмірі, кәсібі және жұбайы Жұмабек Жаннақұловтың айналасында жүрген дауларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
 

Сұхбат барысында Динара бүгінде бірнеше бағытта табысты кәсіп жүргізіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, қазіргі қызметі киім өндірісі, медиа жобалар және жеке брендті дамытуға арналған білім беру бағдарламаларын қамтиды.

Сондай-ақ ол өзінің Late Night Show жобасы туралы айтып, бағдарламаның америкалық форматтардан шабыт алғанын жасырмады. Дегенмен жобаны көшірме деп санамайтынын, бүгінде барлық бизнесі өзін толық ақтап отырғанын жеткізді.

Сұхбаттағы көпшіліктің назарын аударған тақырыптардың бірі - Динараның отбасылық өмірі болды. Ол жолдасы, кәсіпкер Жұмабек Жаннақұловқа әлі күнге дейін «сіз» деп сөйлейтінін айтты. Оның сөзінше, мұндай әдет екеуі алғаш жұмыс барысында танысқан кезден бері өзгермеген.

Динара ресми некеге тұру туралы ұсынысты алғаш болып жұбайы жасағанын да атап өтті. Өзінің айтуынша, неке қию алдында екеуі бұл шешімнің жауапкершілігін жан-жақты талқылап, бір-біріне өмірлік серік болуға уәделескен.

Сұхбат барысында Жұмабек Жаннақұловтың бұрынғы отбасы төңірегінде әлеуметтік желіде айтылып жүрген пікірлер де сөз болды. Динара жұбайына тағылып жүрген «балаларын қараусыз қалдырды» деген айыптаулармен келіспейтінін айтты.

Оның сөзінше, Жұмабек балаларының оқуына толықтай қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар ажырасқан кезде бұрынғы отбасына барлық жылжымайтын мүлкі мен активтерін қалдырған.

Динара сондай-ақ жұбайының балаларымен үнемі байланыста болатынын және Алматыға келген сайын уақытын солармен бірге өткізуге тырысатынын айтты.

Бұдан бөлек, ол Жұмабек Жаннақұловтың қайырымдылық жұмыстарымен тұрақты айналысатынын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкер студенттерге арналған жатақханалар алып беріп, бұрынғы ұстаздарына материалдық қолдау көрсетіп, жас спортшылардың дамуына демеушілік жасап келеді.

Сұхбат соңында Динара Жанықұл әлеуметтік желідегі сын-пікірлерге сабырмен қарайтынын жеткізді. Ол бүгінде түрлі пікірлерге төзімділік қалыптасқанын айтып, алдағы уақытта жаңа жобаларды жүзеге асырып, отбасын кеңейтуді жоспарлап отырғанын жасырмады.