Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова әйгілі "Қыз Жібек" фильмінің бір кезеңде жоғалып кету қаупі туындағанын мәлімдеді. Актриса Майя Бекбаеваға берген сұхбатында ұлттық киноның алтын қорына енген туындыны сақтап қалу үшін қандай жұмыстар жүргізілгенін баяндады, деп Arasha.kz тілшісі Malim.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өнер иесінің айтуынша, 1990 жылдары теледидардан "Қыз Жібек" фильмін көрген кезде таспаның қатты тозғанын байқаған. Көшірменің сапасы нашарлап, кей тұстары жыртылып, фильм біртіндеп жарамсыз болып бара жатқан.
"Фильм көз алдымда жойылып бара жатқандай көрінді. Оны міндетті түрде қалпына келтіру керек екенін түсіндім", – деді Меруерт Өтекешова.
Актрисаның сөзінше, сол кезеңде киностудияның картинаны жаңғыртуға қаржылық мүмкіндігі болмаған. Осыған байланысты "Қыз Жібек" қайырымдылық қоры құрылып, демеушілер іздеу жұмыстары басталған.
Кейін Мәскеуде тұратын қазақстандық кәсіпкерлер отбасы қолдау көрсетіп, фильмнің орыс тіліндегі нұсқасын "Белые Столбы" киноархивінде қалпына келтіруге мүмкіндік туған. Өтекешова картинаның түпнұсқа материалдары Мәскеудегі арнайы мұрағатта сақталғанын жеткізді.
Ал фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын қалпына келтіру әлдеқайда қиын болған. Қазақша дыбысы жазылған магниттік таспаларды Қазақстан аумағынан іздеуге тура келген. Актриса киностудиядағы кейбір материалдардың ретсіз сақталғанын және қажетті дыбыс бөліктерінің жетіспегенін көргенде қатты қынжылғанын айтты.
Кейін ол Алматыдағы Рысқұлов көшесінде орналасқан қоймадан қажетті таспаларды тауып, Мәскеуге жеткізген. Соның арқасында жетіспеген дыбыс бөліктері толықтырылып, "Қыз Жібек" фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасын сақтап қалу мүмкін болған.
Меруерт Өтекешова қалпына келтірілген материалдарды киностудияға бірден тапсырмағанын да жасырмады. Оның айтуынша, сол кездегі жағдай құнды мұраның қауіпсіз сақталатынына толық сенуге мүмкіндік бермеген.
"Ол кездегі ахуалда материалдарды бірден тапсыруға сенім болмады. Киностудияда тәртіп орнай бастағаннан кейін ғана өткіздім", – деді актриса.