Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Мұнай бағасының өсуі Қазақстанға қалай әсер етеді

Мұнай бағасының өсуі Қазақстанға қалай әсер етеді
Сурет: Qaz365.kz

Әлемдік мұнай нарығындағы соңғы өзгерістер Қазақстан экономикасына да әсер етуі мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранға қатысты мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы қайта өсіп, OPEC+ ұйымы Қазақстанға мұнай өндіру көлемін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Arasha.kz,  Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Қаржы сарапшысы Саида Тілеуленованың айтуынша, мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан үшін қысқа мерзімде оң нәтиже беруі ықтимал.

«Қазақстан үшін әлемдік мұнай бағасының өсуі қысқа мерзімде оң әсер береді. Себебі мұнай - еліміздің негізгі экспорттық тауарларының бірі. Ол валюталық түсімнің, салықтық кірістердің және Ұлттық қор табысының едәуір бөлігін қалыптастырады. Сондықтан мұнай бағасы көтерілген кезде сыртқы сауда теңгерімі жақсарып, мемлекеттік қаржының тұрақтылығы артады, ал бюджетке қосымша қаражат түседі», - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол мұнай бағасының қымбаттауын толықтай оң құбылыс ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті.

«Бірақ жоғары мұнай бағасын толықтай жақсы құбылыс деп бағалауға болмайды. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, экономиканың мұнай кірістеріне шамадан тыс тәуелді болуы сыртқы факторларға осал етеді. Қазіргі бағаның өсуі әлемдік сұраныстың артуынан емес, геосаяси шиеленістің күшеюінен болып отыр. Мұндай жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін», - деді Саида Тілеуленова.