Украина президенті Владимир Зеленский премьер-министр Юлия Свириденкоға қызметінен кетіп, елдің негізгі серіктестерінің бірімен қарым-қатынасқа жауап беретін жаңа бағытты басқаруды ұсынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Украина билігіндегі кадрлық өзгерістер елдің жаңартылған саяси стратегиясын жүзеге асыру үшін қажет. Ол алдағы уақытта құқық қорғау органдарының басшылық құрамында да ауыс-түйіс болатынын мәлімдеді.
Зеленский Юлия Свириденкоға премьер-министр қызметінде атқарған жұмысы мен Украина командасындағы көпжылдық еңбегі үшін алғыс білдірді.
Президент сыртқы саясаттың әрбір маңызды бағытына тәжірибелі тұлғалар жауап беруі керектігін атап өтті. Басым бағыттардың қатарында АҚШ-пен байланысты нығайту, Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін өндіруге лицензия алу, Еуропалық одақпен ынтымақтастық және көршілес мемлекеттермен қарым-қатынас бар.
Украина бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Свириденконың орнына «Нафтогаз Украины» компаниясының басшысы Сергей Корецкий тағайындалуы мүмкін.
Кейін Юлия Свириденко қызметінен кететінін растады. Ол Украинаның жаңа тарихындағы аса күрделі кезеңде үкіметті басқаруды үлкен мәртебе санайтынын жеткізді.
Свириденко Владимир Зеленскиймен алдағы жоспарларды талқылағанын және Украинаға басқа бағытта қызмет етуге дайын екенін мәлімдеді.