Нұрай Серікбайдың адвокаты Аянхан Омаров маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның сөзінше, әлеуметтік желіде марқұм Нұрай Серікбайды сөгетіндер де бар екен.
Сондай адамдардың бірі кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың атына ерсі сөздер жазған.

«Instagram-дағы Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты қорлайтын пікір қалдырған аккаунт иесін анықтау және заң аясында жауапқа тарту туралы ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментіне ресми арыз жолданды. Әлеуметтік желідегі анонимділік жауапкершіліктен босатпайды», - деп жазды адвокат.
Бұған дейін Нұрай Серікбайдың туыстары тергеу жұмысына қатысты наразылық білдірген еді. Іс материалдарымен танысқаннан кейін олар мен адвокаттары елеулі заңбұзушылықтар анықталғанын айтып, материалдарды қосымша тергеуге қайтаруды сұраған.
Сондай-ақ марқұмның жақындары іс сотқа жолданған кезде айыптың кейбір баптары алынып тасталуы мүмкін деп алаңдап отыр.
Қазіргі уақытта 28 жастағы күдіктіге аса қатыгездікпен адам өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылған.
Еске салайық, 21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні кешке Шымкентте қаза тапқан. Тергеу нұсқасына қарағанда, күдікті қызды дүкеннің жанында аңдып күтіп, күшпен ұстап тұрған, оған бірнеше рет пышақ сұғып, кейін оқиға орнынан бой тасалаған.