Шымкент - Қазығұрт - Сарыағаш бағытындағы ақылы автожолдың кейбір бөліктерінде аптап ыстық салдарынан асфальт көтеріліп, жол жабыны бүлінді, деп хабарлайды Arasha.kz, Uaqyt TV-ге сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жолдың кейбір учаскелерінде асфальттың көтеріліп кеткені байқалады. Қауіпті аумақтарға арнайы ескерту белгілері қойылып, жол қызметкерлері қозғалысты реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жүргізушілердің айтуынша, ақылы жолдың жоғары температураға төтеп бере алмауы құрылыс сапасына қатысты сұрақ туғызады. Олар жолды қысқа мерзімде қалпына келтіріп, ыстыққа төзімді әрі сапалы материалдармен жөндеу қажет екенін айтып отыр.
Көтерілген жол жабыны көлік қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерге аталған бағытта ерекше сақ болып, жылдамдықты төмендетіп жүру ұсынылады.