Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден бұған дейін қоғамда қызу талқыланған «шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздары салық төлеуі керек» деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналист депутаттан бұл сөзінің мәнін сұрап, оның әлі де сол ұстанымда екенін нақтылады.
Депутаттың айтуынша, аталған пікір сайлауалды науқан кезінде айтылған және оны тура мағынасында қабылдауға болмайды.
«Бұл сөз сайлауалды науқан кезінде айтылды. Оны тура мағынасында қабылдаудың қажеті жоқ. Әрбір айтылған сөздің астарында не жатқанын түсіну керек. Кейде халықтың есінде қалуы үшін осындай тіркестер қолданылады. Мұндай саяси технологиялар әлемнің көптеген елінде бар. Бірақ бұл шынымен сондай салық енгізіледі немесе заң қабылданады дегенді білдірмейді», – деді ол.
Сондай-ақ депутат бұл мәлімдеменің негізгі мақсаты ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті және ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызын қоғамға түсіндіру болғанын айтты.
«Бұл – ұлттық дәстүрімізді, мәдениетімізді және ұлттық болмысымызды сақтауға шақырған үндеу ғана. Одан басқа ештеңе емес», – деп түсіндірді депутат.