Ақын, айтыскер Серікзат Дүйсенғазы әлеуметтік желіде өмірден мезгілсіз өткен ұлы Әлиханды еске алып, жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақынның айтуынша, егер ұлы тірі болғанда бүгінде 20 жасқа толар еді. Ол Әлиханның дүниеге келген күні өзінің Ерейментауда өткен республикалық айтысқа қатысуымен тұспа-тұс келгенін еске алды.
«Осыдан тура 20 жыл бұрын Ерейментауда өтетін республикалық айтысқа дайындалып жатқанда өмірге келді. Жүрсін аға бастаған бүкіл ақындар қуана құттықтағаны есімде. Айтыстан кейін қуанышымызды үш күн бойы тойлағанбыз. Бүгін сол жарқын сәттердің бәрі көз алдыма келіп отыр», – деп жазды айтыскер.
Серікзат Дүйсенғазы ұлының өмірден өткеніне төрт жыл болғанын айтып, оның зерек, сабырлы әрі техникаға ерекше қызығушылық танытқанын жеткізді. Әкенің айтуынша, Әлихан Германиядағы техникалық университеттердің бірінде білім алуды армандаған.
«Қазір өзі қалаған Германияның техникалық университеттерінің бірінде үшінші курстың студенті болып жүрер ме еді? Өте ақылды, байыпты бала болды. Көп кітап оқитын. Болашақта техника саласына жаңалық әкелетін ғалым болар деп үміттендік. Оның өлең жазатынын өмірден өткеннен кейін ғана білдік. Бұл туралы менен жасырып жүрген екен», – деді ақын.
Ол ұлынан айырылудың қасіреті әсіресе анасы үшін ауыр болғанын да жасырмады. Ақынның сөзінше, жары Айнұр Әлиханды әлі күнге дейін түсінде жиі көреді, ал оның сағынышы ешқашан басылмаған.
Сонымен қатар Серікзат Дүйсенғазы қиын кезеңде қолдау білдірген жандарға алғысын айтты. Оның айтуынша, кәсіпкер Қанат Сәнік пен ақын Серік Қалиевтің қолдауымен «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қоры «Әлиханның арманы» атты естеліктер мен шығармалар жинағын жарыққа шығарған. Сондай-ақ режиссер Мұрат Есжан түсірген осы аттас деректі фильм «Хабар» телеарнасының қорында сақтаулы.
Жазбасын ақын ұлына арналған жүрекжарды дұғасымен аяқтады.
«Сені біз бұл өмірден өткенше жүрегіміздің бесігінде әлдилейміз. Жатқан жерің жарық, жаның жәннаттың төрінде болсын, жарығым», – деп жазды Серікзат Дүйсенғазы.