25 тамыздан бастап Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген бірқатар өзгерістер күшіне енеді. Жаңа талаптарға сәйкес, кейбір жүргізушілер міндетті медициналық тексеруден өтіп, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған азаматтар теориялық емтиханды қайта тапсыруы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz, Qaz365.kz-ке сілтеме қалдырып.
Ішкі істер министрлігі жаңа нормаларға қатысты ресми түсіндірме берді.
Жаңа талаптарға сәйкес, 65 жастан асқан жүргізушілер, сондай-ақ мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда олардың жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылуы мүмкін.
Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілер теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберілуі ықтимал. Бұл талап жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін білу деңгейін тексеруге және жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, аталған өзгерістер жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтуге және барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
25 тамыздан бастап күшіне енетін өзгерістерге байланысты жүргізушілерге жаңа талаптармен алдын ала танысып, белгіленген міндеттерді уақытылы орындау ұсынылады.