Әнші әрі актриса Аша Матайдың Қазақстан халық партиясынан (ҚХП) Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылуы қоғамда қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналист Асхат Ниязов партияның съезі кезінде Аша Матаймен сұхбаттасып, оның саясатқа қатысты дайындығын бағалау мақсатында бірнеше сұрақ қойғанын айтты.
Оның сөзінше, сұхбат барысында Аша Матай барлық сауалға еш кідірместен жауап берген.
Алайда бейнематериалды монтаждау кезінде журналист күтпеген жайтты байқағанын жеткізді.
«Оны тосылдырмақ болған едім, бірақ барлық сұраққа жауап берді. Кейін шығарылымды монтаждап жатқанда, жауаптарды біреулердің сыбырлап айтып тұрғанын байқадым», - деді Асхат Ниязов.
Журналистің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Желі қолданушылары депутаттыққа үміткерлердің саяси дайындығы мен қоғамдық жауапкершілігіне қатысты түрлі пікір білдіріп жатыр.
Әзірге Аша Матай да, Қазақстан халық партиясы да бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.