Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов рақымшылық жасау туралы заң аясында бостандыққа шықты, деп хабарлайды Arasha.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Байжановтың 22 шілдеде колониядан босатылуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын.
Бұл мәліметті оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаев та растады. Оның айтуынша, 22 шілдеде өткен сот отырысында Бақытжан Байжановқа рақымшылық жасау туралы шешім қабылданған.
«Сот оны дереу босату туралы қаулы шығарды. Жазасының өтелмеген мерзімі үш айдан сәл ғана асатын. Бақытжан бүгін отбасына оралады», - деді адвокат Ғазиз Ынтықбаев.
Бақытжан Байжанов жазасын Ақмола облысы Степногорск қаласындағы қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару мекемесінде өтеп жатқан.
Еске салайық, Бақытжан Байжанов - бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы. Ол Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмысты жасырды деген айыппен сотталған.
2024 жылғы 13 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Айта кетейік, сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы Қылмыстық кодекстің 434-бабы («Анық белгілі қылмыс туралы хабарламау») бойынша тағылған айыптан бас тартып, Байжанов қылмысты жасыру бабымен жауапқа тартылған еді.