Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қытайлық инвесторлар 90 млн долларлық жобаның тоқтағанын айтып, істі ІІМ-нен қайтаруды сұрады

Қытайлық инвесторлар 90 млн долларлық жобаның тоқтағанын айтып, істі ІІМ-нен қайтаруды сұрады
Фото: ЖИ/ NewTimes.kz

«Sin Yuan Steel» ЖШС өкілдері Қазақстан билігіне, Бас прокуратураға және мемлекеттік органдардың басшыларына үндеу жасап, құқықтарын қорғауды сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап. 

2026 жылдың мамыр айында полиция қызметкерлері «102» желісіне түскен анонимді хабарлама негізінде «Sin Yuan Steel» ЖШС аумағында рейд жүргізген. Кейін полицейлердің қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануы мүмкін деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, кәсіпорынға келтірілген залал 179 млн теңге деп бағаланған.

Қазір компанияның құрылтайшыларының бірі Кэ Сююнь қылмыстық істің ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілуі туралы шешімнің күшін жоюды сұрап отыр. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл мүдделер қақтығысын туындатады, өйткені полиция қызметкерлеріне қатысты істі сол ведомствоның өз бөлімшесі тергемек.

«Біз бірнеше апта бойы құқықтарымыздың қорғалатынына сендік. Мемлекет шетелдік инвесторлардың құқығын қорғайды деп үміттендік. Бірақ ІІМ-ге қатысты шағымымыздың қайтадан ІІМ-нің өзіне берілуін түсіне алмаймыз. Зауытқа 179 млн теңге шығын келтірген рейдті ұйымдастырғандар енді өздерін өздері тергеп, өздерін өздері жазалай ма? Бұл – ақылға сыймайтын жағдай», – деді Кэ Сююнь.

Компания мәліметінше, қылмыстық іс 2026 жылғы 21 мамырда Шымкент қаласы Еңбекші ауданы прокуратурасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-бөлігі («Лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша тіркелген.

Келесі күні істі Шымкент қаласы ҰҚК департаментінің тергеушісі өз өндірісіне алған. Ал 29 мамырда Бас прокурордың орынбасары арнайы тергеу-жедел тобын құрған. Тергеуге Бас прокуратураның Арнайы прокуратурасының аға прокуроры жетекшілік еткен.

Зауыт өкілдерінің айтуынша, осы уақыт ішінде негізгі дәлелдер жиналып, сараптамалар жүргізілген және келтірілген материалдық шығын көлемі 179 млн теңге екені анықталған.

Алайда 15 шілдеде жәбірленуші тарап істің ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментіне берілгенін білген. Компанияның айтуынша, олар бұл туралы алдын ала хабарланбаған. Кэ Сююнь мұндай шешім кінәлілерді жауапкершіліктен құтқаруы мүмкін деп алаңдайды.

«179 млн теңге – біздің шығынның бір ғана бөлігі. Полиция зауытқа рейд жасағаннан кейін ірі халықаралық серіктесіміз бізбен жұмыс істеуден бас тартты. Ол Қазақстанға инвестиция салу үшін келген еді. Бірақ қолдау көрудің орнына Шымкенттегі арнайы қабылдау орнында бір тәулікке жуық уақыт өткізді. Осыдан кейін барлық келісімді бұзды. Соның салдарынан Шымкент пен Қазақстан 90 млн доллар көлеміндегі тікелей инвестициядан айырылды. Бизнес үшін шымкенттік “қонақжайлықтың” нақты құны – осы», – деді ол.

Баспасөз мәслихатында компания өкілдері жобаға шамамен 90 млн доллар инвестиция салуды жоспарлаған инвестор Ю Чанциді таныстырды. Оның айтуынша, мамырдағы рейд кезінде ұсталғаннан кейін инвестициялық жоспарларын тоқтатқан.

«Мені күштеп ұстап, арнайы қабылдау орнына қамады. Онда 18 сағат отырдым. Маған бір тамшы су да, бір үзім нан да берілген жоқ. Неліктен ұсталғанымды, қандай заң бұзғанымды ешкім түсіндірген жоқ», – деді Ю Чанци.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта инвесторлар тергеу барысын бақылап, Қазақстандағы инвестициялық ахуалға байланысты тәуекелдерді бағалап отыр.

«Біз Қазақстандағы инвестициялық климатқа күмәнмен қарай бастадық. Сондықтан барлық инвестициялық жоспарымызды уақытша тоқтаттық. Қазір жағдайдың қалай өрбитінін бақылап отырмыз», – деді ол.

Соған қарамастан, зауыт жұмысын жалғастырып жатыр. Компанияның мәліметінше, рейдтен кейін өндіріс үш күн ішінде қалпына келтіріліп, бұрынғы көлеміне біртіндеп жеткен.

Үндеуде кәсіпорын өкілдері тергеуді ерекше бақылауға алуды, Шымкент прокуратурасының істі ІІМ-ге беру туралы шешімінің заңдылығын тексеруді, сондай-ақ қылмыстық істі бұрын тергеген арнайы тергеу-жедел тобына қайтаруды талап етті. Олардың пікірінше, бұл мүдделер қақтығысын болдырмай, істің тәуелсіз әрі әділ тергелуіне мүмкіндік береді.