Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

АҚШ пен Сауд Арабиясы ядролық келісімге қол қойды: Эр-Рияд уран байытуы мүмкін

АҚШ пен Сауд Арабиясы ядролық келісімге қол қойды: Эр-Рияд уран байытуы мүмкін
shutterstock.com

АҚШ пен Сауд Арабиясы азаматтық атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қойды. Құжат болашақта корольдік аумағында уран байыту кәсіпорнын салуға мүмкіндік беруі ықтимал, деп хабарлайды Associated Press

Келісімге АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт пен Сауд Арабиясының энергетика министрі Абдулазиз бен Салман қол қойған. 30 жылға есептелген құжатқа сәйкес, америкалық компаниялар Сауд Арабиясының атом энергетикасын дамытуға қатыса алады.

Уран байыту мәселесі бөлек зерттеледі

Келісім Сауд Арабиясына бірден уран байыту құқығын бермейді. Мұндай кәсіпорын салу мүмкіндігі АҚШ пен Сауд Арабиясы бірлесіп жүргізетін зерттеудің қорытындысынан кейін қарастырылмақ. 

«123 келісімі» деп аталатын мұндай құжаттар АҚШ-тан ядролық материалдар, жабдықтар мен технологиялар жеткізуге құқықтық негіз қалыптастырады. Сонымен қатар олар ғылыми зерттеу, техникалық тәжірибе алмасу және қауіпсіздік шаралары бойынша ынтымақтастық жүргізуге мүмкіндік береді.

Құжат енді АҚШ Конгресінің қарауына жіберіледі. Заң шығарушылар келісім талаптарын зерделеп, оған қарсылық білдіре алады.

Конгресс мүшелері неден қауіптенеді?

Кейбір америкалық саясаткерлер мен ядролық қаруды таратпау саласындағы сарапшылар Сауд Арабиясының өз аумағында уран байыту мүмкіндігіне ие болуына алаңдап отыр.

Олардың пікірінше, мұндай қадам Таяу Шығыстағы ядролық бәсекені күшейтіп, аймақтағы басқа мемлекеттердің де осы бағыттағы бағдарламаларын жеделдетуіне себеп болуы мүмкін.

Келісімде МАГАТЭ-нің кеңейтілген бақылауын қамтамасыз ететін Қосымша хаттама қарастырылмағаны хабарланды. Бұл хаттама халықаралық инспекторларға ядролық нысандарды тереңірек тексеруге және жарияланбаған қызметтің бар-жоғын анықтауға қосымша мүмкіндік береді.

Байытылған уран не үшін қолданылады?

Төмен деңгейде байытылған уран атом электр станцияларына отын ретінде пайдаланылады. Алайда байыту деңгейі айтарлықтай жоғарыласа, ол ядролық қару жасауға жарамды материалға айналуы мүмкін.

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бұған дейін Иран ядролық қаруға қол жеткізсе, корольдік те осындай қару жасауға ұмтылуы мүмкін екенін жоққа шығармаған.

Жаңа келісім Таяу Шығыстағы қауіпсіздік жағдайы шиеленісіп, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты алаңдаушылық күшейген кезеңде жасалып отыр. Иран өз бағдарламасының тек бейбіт мақсатты көздейтінін мәлімдеп келеді.