Қазақстандық әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі жазбасымен оқырмандар арасында қызу пікірталас тудырды. Өнер иесі ұлы мен келінін бөлек шығаруға қатысты ойын бөлісіп, көпшіліктің пікірін сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жазира Байырбекова бұл ойдың өзін қатты толғандыратынын жасырмады.
«Сипарация сөзінің қазақшасы бар ма? Қазбегім мен Асекемді бөлек жіберейік дегенді өзім ойлап, өзімнің көңілім түсіп кетеді. Олардың ойында ондай ой жоқ. Бір ғана ұл болған соң ба, қазақы отбасынан шыққан соң ба, көпшілікке үйренген соң ба, шығарғанымыз дұрыс-ау деп ойласам, өзім жылап қалам. Осы жөнінде ойларыңыз қалай?» - деп жазды әнші.
Жазба көпшіліктің назарын аударып, пікір қалдырғандар саны жүздеген адамға жетті. Оқырмандардың пікірі екіге жарылды.
Бірі жас отбасының алғашқы жылдары ата-анамен бірге тұрғаны дұрыс деп есептейді.
«Менің ойымша, келін алғашқы жылдары ата-анамен бірге жасауы керек. Бір-бірін жақынырақ біледі, ата-енеге қызмет жасап, батасын алады. Қазақтың дәстүрінде кенже бала қолда болады ғой», деп жазды желі қолданушысы.
Тағы бір пікір иесі:
«Жалғыз ұлды қай ата-ана бөлек шығарған? Бірге тұрсын, келінді баулу керек. Егер қазір бөлек кетсе, кейін сендерге қызмет жасауы қиын болады», - деген ойын білдірді.
Ал кейбір желі қолданушылары керісінше, жастардың жеке тұрғаны дұрыс екенін айтты.
«Өзің жассың, жастар өз алдына өмір сүріп үйренгені жақсы», - деп жазды.
Тағы бір пікірде:
«Бөлек тұрғаны жақсы ғой. Менде де бір ұл бар, қазірдің өзінде үйленсе, бөлек кетсін деп айтамын. Алыстан сыйласқан жақсы», - деген көзқарас айтылған.
Осылайша, Жазира Байырбекованың жазбасы қазақ қоғамындағы жас отбасының ата-анамен бірге тұруы немесе бөлек шығуы мәселесін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Желі қолданушылары бұл тақырыпта әлі де қызу пікір алмасып жатыр.