Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Асхат Аймағамбетов ерекше балаларға арналған орталықтарды лицензиялауды ұсынды

Асхат Аймағамбетов ерекше балаларға арналған орталықтарды лицензиялауды ұсынды
Сурет ашық дереккөзден алынған

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қызмет көрсететін түзету және дамыту орталықтарын лицензиялау мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Arasha.kz, Qaz365.media-ға сілтеме жасай отырып.

Құрылтай сайлауына кандидат, экс-депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше балалармен жұмыс істейтін орталықтарды лицензиялау қажеттігін және мұндай ұйымдарға бірыңғай міндетті талаптар енгізу мәселесін қоғам талқысына ұсынды.

«Ерекше балаларға көмек көрсететін орталықтарды лицензиялау қажет пе? Мұндай балаларды кімге сеніп тапсырамыз? Осындай ұйымдарға бірыңғай міндетті талаптар болуы керек пе?» - деп жазды ол.

Талқылау барысында ата-аналар мен мамандар мәселенің тек жекеменшік орталықтарға ғана емес, мемлекеттік психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға (ПМПК) да қатысты екенін айтты.

Кейбір ата-аналар мемлекеттік мекемелерде орын жетіспейтінін, диагноз қою мен қажетті көмек алуда қиындықтар бар екенін жеткізді. Сонымен қатар жекеменшік орталықтардың қызметі қымбат болғанымен, олардың көбі нақты нәтижеге жұмыс істейтінін атап өтті.

Пікір білдірушілердің басым бөлігі лицензиялауды қолдап, ерекше балалармен жұмыс істейтін орталықтарға бірыңғай біліктілік талаптарын енгізіп, көрсетілетін қызмет сапасын мемлекеттік деңгейде бақылауды ұсынды.

Сонымен бірге кейбір қатысушылар лицензиялау қосымша бюрократиялық кедергілерге айналмауы керектігін айтып, басты назар қызмет сапасы мен ашық бақылауға аударылуы тиіс деген пікір білдірді.