Өзі өлтірген әйелін 2 ай іздеген қостанайлық жігітке үкім шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қостанай облысының Қарасу ауданында әйелін өлтірген 26 жастағы жігітке қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкім шығарды. Сот оны 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Қылмыс 1 ақпанда болған. Әйелі күйеуіне одан кететінін және енді оның маскүнемдігі мен қорлығына шыдамайтынын айтқан. Осыдан кейін ер адам оған шабуыл жасап, өлтірген. Кейін мәйітті үй ауласындағы шаруашылық құрылыстарының біріне жасырып қойған.
Келесі екі ай бойы ол марқұмның туыстарына әйелінің қайда екенін білмейтінін, оның қалаға кетіп, жұмысқа орналасқанын айтып келген. Тіпті әйелі жұмыс істеп жүр деген кеңсеге Қостанай қаласына екі рет барып, іздеу жұмыстарына қажет деп марқұмның ағасынан 300 мың теңге алған.
Әйелдің әкесі қызының жоғалып кеткені туралы полицияға арыз жазғаннан кейін шындық белгілі болды. Сол кезде ер адам мәйітті жасырған жерін көрсеткен.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Бұл жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді.