Түркияға жұмыс істеуге аттанған 24 жастағы қазақстандық Грекияда ұсталып, 125 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы оның анасы Нұрхан Қадырова мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz, ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, ұлы Instagram желісі арқылы Түркиядағы жұмыс туралы хабарландыруды көрген. Жол ақысы төленіп, туристерді моторлы қайықпен серуендетуге байланысты жұмыс ұсынылған.
Алайда кейін оның сөзінше, жігіт заңсыз мигранттарды тасымалдау ісіне тартылған. Грекия аумағында ұсталғаннан кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Нұрхан Қадырова ұлының тасымалды ұйымдастырмағанын, қайықтың иесі де болмағанын айтады. Оның сөзінше, барлық процесті ұйымдастырушылар басқарған, ал ұлы тек берілген тапсырмаларды орындап, қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналған.
Сондай-ақ әйел сот процесі кезінде ұлына аудармашы берілмегенін мәлімдеді. Соның салдарынан ол мазмұнын толық түсінбеген құжаттарға қол қойған.
Қазіргі таңда қазақстандыққа 125 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, шамамен 1 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған. Анасының айтуынша, іс бойынша әлі бір сот отырысы өтеді.